Александр Винокуров Бельгия прокуратурасы таққан айыптан ақталды

Бельгия соты сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс бойынша «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровты ақтап шықты.

Бұл мәселеге ақыры нүкте қойылып, сот жалғыз әділ шешім шығарғанына қуаныштымын. Тек алға, келешекке ұмтыламыз! Біз биылғы маусымды табысты өткіздік, бірақ алда әлі көп жұмыс пен жоспар тұр! Арқаны кеңге салмаймыз! — деп жазды спортшы Instagram-парақшасында.

Vesti.kz спорт порталының хабарлауынша, Бельгия прокуратурасы Олимпиада чемпионы Александр Винокуровты 2010 жылы Льеж — Бастонь — Льеж жарысында жеңіп шығуы үшін қарсыласы — Ресей велоспортшысы Александр Колобневке 150 мың евро төледі деп айыптаған. Бұл іс бойынша тергеу мен сот процесі бірнеше жылға созылды. Екі спортшы да тағылған айыпты жоққа шығарып келді. Бірақ жарыстың алдын ала келісілгені расталса, оларға 6 айға бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұрды. Ақыры сот дәлелдің болмауына байланысты Александр Винокуров пен Александр Колобневтен айыпты алып тастады.