300 миллион теңге. Биылғы Burabike Fest рекорд орнатты

Қазақстан баспасөз клубының хабарлауынша, биыл фестивальдің форматы жаңарып, екі күн бойы өтетін шараға айналды және бағдарламасы кеңейді. Қатысушылардың саны және қайырымдылық мақсатқа жиналатын қаражат сомасы бойынша да рекорд орнады.

Фестиваль басталғанға дейін тіркеу және қайырымдылық жарналарының арқасында 130 миллион теңге жиналды. Шараның бірінші күні мейман меценаттар арасында өткізілген аукцион Burabike Fest қорына тағы 164 миллион теңге қосты. Екі күн ішінде осы және бренд спорт киімін сатудан түскен қаражатты қоса алғанда, барлығы 300,2 миллион теңге жиналды, сөйтіп Burabike Fest өткізіліп келе жатқаннан бері қайырымдылық мақсатқа аударылған жалпы қаражат 1 миллиард теңгеге жетті.

Фестивальға барлығы 4 мың адам келді, бұл — былтырға қарағанда 1,5 мыңға артық цифр. Кеңейтілген бағдарламада әуесқойлардың 35 және 70 шақырымдық веложарысы, 10 шақырымдық велошеру, аукциондар, күндізгі Open Air, теннис турнирі, шоу-бизнес жұлдыздарының концерті болды.

Тұңғыш рет Burabike Fest-ті ашық аспан астындағы ең ірі халықаралық фестивальдер форматына жақындатқан шатырлы қалашық бой көтерді.

Фестивальге биыл да Александр Винокуровтың жетекшілігімен «Астана» велокомандасы қатысты.

Біз «Астана» велокомандасы мен Samruk-Kazyna Trust қорының атынан өзімізге дәстүр болған қайырымдылық шарасын кезекті рет қолдауға қуаныштымыз. Мен Burabike Fest ұйымдастырушыларының бәріне және Болат Өтемұратов қорына алғысымды білдіремін. Осы жылдардың ішінде қор қайырымдылық қаражат жинау бойынша қомақты жұмыс атқарды. Сонымен бірге шараның ұйымдастырылуы мен өткізілуінің жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді және, әрине, осы демалыс күндерін бізбен бірге өткізгендердің бәріне рақмет, келесі жылы көрісеміз, — деді Александр Винокуров.

Жиналған қаражат (қатысушылардың тіркелу жарналары, қайырымдылық аукциондардан түсім, меценаттар мен демеушілердің жарналары, бренд спорт тауарларын сатудың түсімі) Қазақстанның аймағындағы балалар ауруханаларын, емханалар мен перзентханаларды өмірлік маңызды медицина жабдықтарымен жарақтауға бағытталады.

Burabike Fest еліміздегі ең ірі қайырымдылық шарасына айналды. Біз әрбір қатысушыға, демеушіге, аукционда лот сатып алғандарға алғысымызды білдіреміз. Burabike Fest өткізудің арқасында еліміздің түрлі аймағында медицина қызметтерінің сапасы жақсарады және тұрғындардың ең жаңа диагностика және реабилитация жабдықтарына қолы жетеді, — деді Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов.