Алматыда Бейімбет Майлиннің 125 жылдығы тойланды

Қойылым ақын, жазушы, драматург Бейімбет Майлиннің озбыр билікпен арпалысын баяндайды. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалап, тұңғыш фильмінің сценарийін жазған Бейімбет Майлин бір-ақ сәтте «халық жауына» айналады. Ұлтының жоғын жоқтаған дүниесі басына таяқ боп тиеді. Шаңырағы қаңырап, бақытты отбасының тоз-тозы шығады. Қыспақтан құтылудың жалғыз ғана жолы бар. Ол үшін «күнәсін» мойындап, өзі ардақ тұтқан тұлғаға нақақ күйе жағуы қажет. Бірақ бұған жазушының ары жібермеді. Ақыры ату жазасына кесіледі.

Бас кейіпкердің ролін Нұрлан Байшин сомдады. Спектакльдің режиссеры Әлия Баймахан қойылымның қоғам қайраткері Бейімбет Майлиннің ұрпақ бойында рухани-ағартушылық құндылықтың дамуына ықпал ететінін айтты.

Қойылым қою үшін ақын туралы кітапханалар мен архивтерді ақтардық. Бейімбет Майлиннің шығармашылығын білетін көп адаммен сөйлестік. Қойылымда оны жазушы ретінде ғана емес, күйеу, әке ретінде де көрсеткіміз келді. Жазушының өмірі қиын әрі түрлі оқиғаға толы болды. Жастар тарихын ұмытпауға тиіс. Тау тұлғасын тануы керек, — деді Әлия Баймахан.

Бұған дейін жазушының туған жерінде спектакльдің премьерасы өткен еді. Алдағы уақытта еліміздің басқа аймақтарында қойылады.

ДереккөзInform.kz