Жалақының сатып алу қабілеті инфляцияны ескергенде былтырғы кезеңмен салыстырғанда 12% өсті. Ал 2019 жылдың қыркүйегінің қорытындысы бойынша тауар мен қызмет бір жылда 5,3% қымбаттаған.

Ranking.kz мамандарының мәліметінше, орташа айлық жалақы көлемі алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 1,8% артып отыр.

Республика бойынша ең жоғары жалақыны Атырау облысының тұрғындары алады — 361,5 мың теңге (былтыр 310,6 мың теңге болған). Мұндай жалақы орташа республикалық деңгейден 89,2% жоғары. Жалақы мөлшері жағынан Нұр-Сұлтан екінші орында, астана тұрғындары орташа есеппен айына 308,1 мың теңге жалақы алады, бұл орташа республикалық деңгейден 61,2% жоғары. Үштікке Маңғыстау облысы да еніп отыр, бұл өңірде орташа айлық жалақы мөлшері — 297,3 мың теңге, бұл орташа республикалық деңгейден 55,5% көп. Топ-5 өңір қатарында Алматы (222 мың теңге) мен Батыс Қазақстан облысы (191,3 мың теңге) бар, Алматыда орташа айлық жалақы мөлшері орташа республикалық деңгейден 16,2%, Батыс Қазақстан облысында 0,1% жоғары. Қалған 12 өңірде жалақы көлемі Қазақстан бойынша орташа деңгейге жетпейді.

ЖалақыАз жалақы алатын тұрғындар Түркістан (122,8 мың теңге, орташа республикалық деңгейден 35,8% аз), Жамбыл (127,8 мың теңге, орташа республикалық деңгейден 33,1% аз) және Алматы облыстарында (137,1 мың теңге, орташа республикалық деңгейден 28,3% аз) тұрады.

Жоғары жалақы қаржы, сақтандыру, тау-кен өнеркәсібі, кәсіби қызмет, ғылым мен техника, құрылыс, ақпарат және байланыс салаларында тіркелген, ал орташа жалақының ең төменгі деңгейі білім беру саласында.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!