Театр және кино актрисасы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Раиса Мұхамедиярова ұзаққа созылған дертінен соң 80 жасында өмірден өтті.

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз хатшысы Ернат Ысқақтың хабарлауынша, актрисамен қоштасу рәсімі 7 қарашада өтеді.

Раиса Мұхамедиярованың жаназасы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдердің театрынан шығарылады. Ол Кеңсайға жерленеді, — деді Ернат Ысқақ.

Раиса Мұхамедиярова
Раиса Мұхамедиярова. Фото: Kino-teatr.ru

Раиса Мұхамедиярова 1939 жылы 11 шілдеде қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында туған. 1962 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогика институтын ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады.

Раиса Мұхамедиярова 1961 жылы «Ән қанатында» көркем фильміне кездейсоқ түсіп, танымал болды. Содан бері қазақ киносында 30-ға жуық картинада ойнады. Актриса «Менің атым — Қожа», «Айдай сұлу Айсұлу», «Бұғы-адам», «Найзатастың етегінде», «Астана — махаббатым менің» фильмдеріндегі ролімен көптің есінде қалды.

Ол Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында 7 жыл қызмет етті.

Раиса Мұхамедиярова
«Чемпион» фильмінің кадры. Фото: Kino-teatr.ru

Раиса Мұхамедиярова — қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің үшінші әйелі. Актриса жазушымен заңды некеде 8 жыл тұрды, екеуінің 2 қызы бар.

Ғабит Мүсірепов Раиса Мұхамедиярова туралы: «Егер менен өміріңізде шын бақыт, шын сүю, шын адал жан болды ма деп сұраса, мен «иә» деп жауап берер едім. Ондай адам менің Раечкам ғана еді», — деп жазған.