Алматыда ақын, әдебиеттанушы, түркітанушы Әмірхан Балқыбекке арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кешке оның туған жері Шардарадан ұстазы Нұрғали Ыбырайымов, анасы Тұрсын Балқыбекова мен әйелі Мархабат Шойбекова келді. Нұрғали Ыбырайымов бүгінде Әмірхан Балқыбекке оқушы емес, ұстаз деп қарайтынын айтты.

Мектепте Әмірханның класына емес, басқа класқа сабақ беретінмін. Бірақ Әмірхан үшін сол кластың сабағын сұрап алатынмын. Сабақ тек екеуміздікі болатын. Кітапты жауып қойып, Абай мен Мұхтардың, Мұқағалидың поэзиясын талдайтынбыз. Жұмыстан шыққан соң мені күтіп тұратын. Сөйтіп үйге қарай асықпай басып, тағы бір-екі сағат әңгімелесіп қайтушы едік, — деді Нұрғали Ыбырайымов.

Ұстазының айтуынша, Әмірхан Балқыбектің әкесі де ақын болған.

Әмірхан Балқыбек, 50 жыл
Ақынның ұстазы Нұрғали Ыбырайымов пен ақынның жары Мархабат Шойбекова (оң жақта). Фото: Аслан Тілеген

Бір жолы Ыстықкөлде демалдым. Өзімнің де өлең шығаратыным бар еді. Ыстықкөлде өлең жаздым. Елге келсем, бір ақсақал менің өлеңімді оқып «Әй, Нұрғали, кеше санаторийда бірге болдық қой» дейді. Ары ойланып, бері ойланып есіме түсіре алсамшы. Сөйтсем, ол кісі Әмірханның әкесі екен. Менің өлеңдерімді естіп, жаттап жүреді екен. Әмірхан тәрбие алған сондай әкеден біз де біраз дүние үйрендік, — деді Нұрғали Ыбырайымов.

Кешті Жазушылар одағы ұйымдастырды. Одақтың басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет ақынмен алғаш қалай танысқанын айтып берді.

Бір жолы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жатақханасына бізді «ауыздығымен алысқан» жас «пері ақындар» отырысқа шақырды. Сол кеште Жарас Сәрсекпен, жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен ақын Әділ Ботпановпен, Бауыржан Бабажанұлымен және Әмірхан Балқыбекпен танысып едік. Әмірхан Балқыбек кітаптан кітапқа өсті. Олжас Сүлейменовтің өлеңін көп оқырманы талдауға өресі жетпей жүргенде, «Қыш кітабын» алғаш түсінгендердің бірі болды. Сонда Әмірханға сүйсініп едік, — деді Ұлықбек Есдәулет.

Одақ басшысы «Қазақ әдебиеті» газетіне редактор болып барғанда ақынның сонда істеп жүргенін есіне алды. Қазақ әдебиетінде Мәжнүн атымен танылған Қайыс есімді ақынның орыс тіліндегі кітабын аударуға береді.

Ләйліге ғашық болып, соңында махаббаттан есінен адасатын Мәжнүннің өлеңдерін Әмірханға бердім. Қазақшаға аударып, «Қазақ әдебиетіне» жариялады. Әмірханмен сөйлесіп отырғанның өзі қызық еді. Кейін Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкім болып келгенде бір топ жас ақынға үй сұрап бардым. Тізімнің басында Әмірхан тұрды. Сол жылы қоныс тойын тойлап еді. Үйді газеттің қызметкері болғаны үшін емес, қазақ әдебиетіне сіңіріп жатқан еңбегі үшін алды, — деді Ұлықбек Есдәулет.

Әмірхан Балқыбектің досы Маралтай Райымбекұлы ақын құрдасының орнын әдебиетте ешкім баса алмайтынын айтты.

Әмірхан Балқыбек, 50 жыл
Маралтай Райымбекұлы. Фото: Аслан Тілеген

Жұмыстан қайтып келе жатқанда Әмірхан ылғи балконға шығып тұратын. «Мәке, қал қалай?» деп қол бұлғаушы еді. Қазір де солай шығып қалатындай елеңдеп қоямын. Оның орнын әдебиетте ешкім баса алмайды. Жаным жүдеу, жабырқау, — деді Маралтай Райымбекұлы.

Кеште ақынның ізбасар інілері Әмірхан Балқыбектің өлеңін оқып, оған арнау арнады. Әнші Роза Әлқожа ақынның сөзіне жазылған «Шардара кеші» әнін орындады.

Әмірхан Балқыбек 1969 жылы қазіргі Шардарада дүниеге келген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1995-2000 жылдары «Парасат» журналында, «Жас Алаш», «Ана тілі» газеттерінде тілші, 2000-2004 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. «Жас қазақ» газетінде бөлім редакторы болып істеген. Өлеңдері «Ауылдан ұшқан аққулар», «Толқыннан толқын туады» ұжымдық жинақтарына енген. «Метаморфоза», «Сынған сәуленің шағылысуы», «Қасқыр Құдай болған кез», «Ақын аполлогиясы» жыр жинақтарының авторы. Ақын 2014 жылдың 8 сәуірінде қайтыс болды. Халықаралық «Шабыт» фестивалінде Әмірхан Балқыбек атындағы жүлде беріледі.