«Технодом» мен «Мечта» тіркелмеген SIM-карта үшін айыппұл төлейді

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті абонентке тіркелмеген SIM-карта таратқан ұялы операторлар дилерлерін тексеруді аяқтады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Жоспардан тыс тексеру комитетке азаматтардан келіп түскен шағымдар негізінде жүргізілген. Тексеру нәтижесінде SIM-карталардың операторға немесе дилерге алдын ала тіркеліп таратылғаны анықталып, 4 сауда нүктесіне, соның ішінде «Технодом» және «Мечта» электроника дүкендеріне айыппұл салынды. Телекоммуникациялар комитеті елімізде барлығы 42 миллион SIM-карта сатылғанын анықтады.

Жақында іске қосылған арнайы сервис арқылы азаматтар өз атына бірнеше мың нөмірдің тіркелгенін анықтады. Әрине, бұл азаматтар сол нөмірлер арқылы кімнің, қайда және не үшін қоңырау шалғанынан хабарсыз. Сол себепті байланыс операторына хабарласып, белгісіз нөмірлерді бұғаттайды. Ал бұғатталған SIM-картаны пайдаланушылар байланыссыз қалады. Сондықтан да біз қазақстандықтардың құқығын қорғау үшін осындай тексеру жүргізу қажет деп есептейміз, — деді комитет төрағасы Виталий Ярошенко.

Ведомство басшысының айтуынша, абонент нөмірін сатып алған кезде азаматтар оны міндетті түрде өз атына тіркетуді талап етуі керек. Өйткені дилерлер әрекетінің заңсыз екенін біле тұра азаматтардың аңғалдығын пайдалануы мүмкін.

Виталий Ярошенко Телекоммуникациялар комитеті заңсыз SIM-карта нарығын жоюды жалғастыратынын хабарлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда көп абоненттің ұялы байланыссыз қалу себебі хабарланған еді. Азаматтардың атына басқа нөмірлер тіркелгені белгілі болды. Абоненттердің өтініші бойынша операторлар ол нөмірлерді бұғаттаған кезде тіркелмеген SIM-карта иелері байланыстан ажыраған.