Қазақстанда бір абоненттің атына 51 мың нөмір тіркелген

Қазақстанда бір азаматтың атына ұялы байланыстың 51 мың нөмірі тіркелген болып шықты. Бұл туралы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко хабарлады.

Бізде мынадай жағдай болған: бір әйел өз атына 51 мың нөмір рәсімделгенін анықтады. Ол оператор кеңсесіне барып, осы нөмірлердің иесі ретінде оларды жоюға арыз жазып, бір нөмірді қалдырды. Бірақ бұл 51 мың нөмірді әлдекімдердің пайдаланғаны белгілі ғой. Осындай нөмірлер қазір өшірілді. Сол әйел сияқты адамдар аз емес, сеніңіздер. Біздің мәліметімізше, тап сондай 2 миллион азамат бар, деді Виталий Ярошенко.

Ол өзге адамның атына тіркелген нөмірді пайдаланушыларға қандай мәселеге кезігетінін айтты.

Нөмірдің заңды қожайыны оны бұғаттап тастауға, ондағы қаражатты өз балансына аударып алуға толық құқылы. Өйткені ол — соның иесі. Биллинг мәліметтерін де сол адам көре алады. Ол абонент қайда, кімге, қашан қоңырау шалғанын, SMS пен дерек жіберуді де қарай алады, — деді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы.

Қазақстанда абоненттердің ұялы байланыссыз қалғаны бұған дейін хабарланған еді. Ұялы байланыс операторлары нөмірді ЖСН-ге және телефонның IMEI-кодына тіркеу азаматтарға бірнеше рет ескерткенін алға тартып отыр. Қазіргі уақытта ұялы байланыс салондарында нөмірін тіркетпек болған азаматтардың қарасы көбейген.

ДереккөзTengrinews.kz