Алтай Көлгінов астанада тұрғызылатын жаңа ескерткіш туралы айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Cұлтан әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алтай Көлгінов әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды қолдау мақсатында ашылған «Жанұя» орталығының жұмысы және енді салынатын иппотерапия мен екі бірдей оңалту орталығы жайында баяндады.

Нұр-Сұлтан әкімі Қазақстан Президентінің үй кезегінде тұрған азаматтарды, соның ішінде аз қамтылған отбасыларды, жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамту мақсатында қолжетімді баспана құрылысын арттыру туралы тапсырмасының орындалуы жайында есеп берді, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Алтай Көлгінов проблемалы құрылыстар жайы, қала шетіндегі ауыл-аймақтарды дамыту мәселесі алдағы үш жылдың бюджетінде қарастырылғанын айтып, қаланы газбен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Қаланы абаттандыру бойынша есептен белгілі болғандай, ескі алаңның аумағынан бастап Нұр-Сұлтанның екі жағын қосатын жаяу жүргіншілерге ыңғайлы жол төселеді. Жаяу жүргіншілерге ыңғайлы 80 шақырым жол төселіп, алдағы үш жылда 100 шақырымнан астам веложол салынады, — деді Алтай Көлгінов.

Нұр-Сұлтан әкімі шаруашылықпен бірге мегаполистің мәдени өмірі бойынша да жоспарларын айтты. Қалада Абайдың 175 жылдығына орай «Абай әлемі» орталығы бой көтереді. Сонымен бірге Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай «Үш арыс» ескерткіші орнатылады. Ол қоладан құйылады.

Президент Алтай Көлгіновке қаланы одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.