Анар Жайылғанова: Президент резервіне таныспен өту мүмкін емес

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жастар кадр резервіне барлығы 300 маманды іріктеп алуы керек.

Анар Жайылғанова
Анар Жайылғанова. Фото: Parlam.kz

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Президенттің жастар кадр резервіне өткізіп беруге көмек сұрағандар туралы айтты.

Ең бастысы – іріктеудің ашықтығы мен әділдігі. Бұл – біздің басты қағида. Біз кандидаттардың құқығын шектеп, “сіздің ата-анаңыз осындай жерде қызмет етеді, сол себепті қатыспайсыз” дей алмаймыз. Ондай қыз-жігіт келсе, олар міндетті түрде сынақ тапсырады. Ешкімге ешқандай жеңілдік жасамаймыз, – деді Анар Жайылғанова.

Агенттік басшысы Президенттің жастар кадр резервіне тамыр-таныстықпен өтуге мүлдем жол берілмейтінін айтты.

Менің өзіме көп адам қоңырау шалып, “менің балам еді”, “менің қызым еді” деп айтқан. Бұл жерде қоңырау алу арқылы іріктеуден өткізу мүмкін емес! Мен оларға бірден іріктеу ашық әрі әділ екенін айттым. Іріктеу бізде мұндай форматта бірінші рет өтіп отыр, – деді еліміздің бас мемлекеттік қызметшісі.

Анар Жайылғанова кадр резервіне заңдарды жаттап алып өту де мүмкін емес екенін айтты. Іріктеу кезінде кандидаттардың сыни ойлауы мен шынайы білімі есепке алынады.

Еске салайық, бұған дейін Президенттің жастар кадр резервіне іріктеудің екі кезеңі аяқталғаны хабарланған еді. Резервке о баста 13 212 адам өтініш берген. Олардың 7 312-і тіркеуді толық аяқтады. Үміткерлердің арасында шетелде жүрген Қазақстан азаматтары да бар. Әсіресе Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Түркия сияқты елдерде жүрген Қазақстан азаматтарынан көп өтініш түскен. 3-кезеңге 549 үміткер өтті. Толық тізімді Pkrezerv.kz сайтынан көруге болады.