Деректі фильмде тұрғындар ауруханасыз, азық-түлік дүкенінсіз, жолсыз қалғанын айтып берді.

Азғыр полигонында 17 жерасты жарылысы жасалған. Сынақтардың күші Хиросимадағы жарылыспен тең. Жерасты жарылыстарының шығыны туралы көп нәрсе әлі белгісіз. Жергілікті тұрғындар радиацияның әсері адам мен жануарды түрлі ауруға шалдықтырғанын айтып отыр.

Кейінгі жылдары бұл маңнан көп адам көшіп кеткен. Соған байланысты Азғыр ауылында аурухана жабылды. Науқастар мен жүкті әйелдер Атырауға немесе Ресейдің Астрахань облысына баруға мәжбүр. Ауылда дүкен де жоқ. Тұрғындар азық-түлікті жеке жеткізушілерден қымбатқа сатып алады.

Атыраудан 550 шақырым жерде өмір сүруге жағдай жасалмаған. Климат та қолайсыз. Фильмнің кейіпкерлері — түрлі жастағы ауыл тұрғындары және атом энергетикасы саласының мамандары. Екі жақ қоғам үшін өте ауыр мәселені көтеріп, Азғырдың болашағы бар-жоғын түсіндіруге тырысты. Біз полигонға барып, жағдайды өз көзімізбен көруге, жергілікті тұрғындармен сөйлесіп, Кеңес Одағының құпия зерттеулері туралы не білетінін сұрауды ұйғардық, — дейді режиссер Сабина Сексембаева.

Тұрғындардың айтуынша, Азғырдағы қиын әлеуметтік жағдайды ауылды дамыту туралы арнайы бағдарламаның көмегімен шешуге болады. Бірақ әзірше ондай бағдарламаның іске асырылатын түрі жоқ.

Өкінішке қарай, Азғырда сынақтар аяқталғаннан кейін онда не болып жатқанын білмейміз. Қанша адам ауырды, қайтыс болды, қанша мал қырылды? Бұл туралы ешқандай дерек жоқ. Үкімет біледі, бірақ ақпарат алу мүмкін емес, — деді Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов.

Деректі фильм YouTube-тегі Salem Human арнасында көрерменге ұсынылды. Фильм авторлары көрерменге Азғыр полигоны мен сол маң тұрғындарының тіршілігі туралы мейлінше көп мәлімет бердік деп есептейді. Түсіру тобы келешекте Қазақстандағы көпке беймәлім басқа да мекендер туралы деректі фильмдердің циклын жасағалы отыр.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!