Әбіш Кекілбаев университет қабырғасында жүргенде жазған алғашқы шығармаларымен-ақ әдеби қауым мен оқырман жұртшылықтың назарын аудара білген кесек тұлға. Әбіш шығармаларының ең кереметі — Әбіштің кез келген сөйлемі қайталанбайтын сөйлем. Мың қаламгер Әбіштің бір сөйлемін қайталай алмайды — Бейсенғали Қабиұлы.
Жазушының жары Клара Жұмабаева қаламгердің студенттік жылдардағы белсенділігі мен өскен ортасы жайлы, оған анасының оң ықпалы туралы айтып берді.
Жазушының жары болу қиын. Бірақ соны жеңу керек. Отбасы берекелі болмаса, азамат өспейді. Азаматтың ойлаған ойы да жүзеге аспайды. Әбіштің анасы 98 жасқа келіп қайтыс болды. Сол кісінің өсиетімен мен 50 жыл Әбішпен бірге жүрдім. Барлық шаруасын істедім. Төлен мен Дулат мені «Клара бәтеңкесінің бауын байлап, көйлегінің ілгегін салып жұмысқа жібереді» деп әзілдейді. Одан мен жаман болғаным жоқ. Қасиетті шаңырақта жалауын көтерген бүгінгі шара Әбіштің әруағына ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетіне жасалған құрмет деп есептеймін, — деді Клара Жұмабаева.