БҰҰ-ның Халық саны жөніндегі қорының (UNFPA) мәліметінше, Қазақстанда некеден тыс бала туу мен ажырасу көбейген. Әр үшінші неке бұзылады. Ажырасқандардың арасында көбіне кәмелетке толмаған балалар қалады. Әр бесінші бала ата-анасының бірінің отбасында тұрады.
Қордың бағдарлама қызметкері Юля Лысенкованың айтуынша, баласын жалғыз асырап отырған ерлердің құқығы жалғызбасты әйелдермен тең емес. Қазақстанда ер мен әйелдің әлеуметтік роліне қатысты стереотиптер әлі бар.
UNFPA зерттеуінің қорытындысына қарағанда Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуына әйелдің отбасында тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылық көруі бірден-бір себеп болады. Статистика бойынша 18-75 жас аралығындағы әйелдердің 17%-і интим серігінен таяқ жесе немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрсе, әр бесінші әйел (21%) — оның психологиялық қысымының құрбаны. Сонымен бірге анасы зорлық көрген қыздардың көбі серігінен таяқ жейтінін немесе жыныстық қысым көретінін айтқан. Демек, отбасында анасының қиналғанын көрген қыздардың көбі тұрмыс құрғаннан кейін анасының күйін кешеді. Сауалнама нәтижесінде ерте тұрмыс құрған қыздардың әртүрлі оқиғаға байланысты күйеуінен жиі зорлық-зомбылық көретіні белгілі болды. Ерлер тамақтың уақытында дайын болмауы, шайдың суып кетуі сияқты қарапайым тұрмыстық жағдайларды сылтау етіп, әйелге қол жұмсайды.
UNFPA мамандарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе — әкенің отбасындағы ролі. Қоғамдық пікір мен қазақстандықтардан алынған сауалнама қорытындысына қарағанда бүгінде ана болуды үйрететін, олардың сұрағына жауап беретін оқулық көп те, жақсы әке болуды үйрететін кітаптар жоқтың қасы. Қордың Қазақстандағы өкілдері осы мәселені шешу үшін MenEngage жобасын қолға алған. Ол ер адамға бала бағуды және үй шаруасын әйелмен бөлісуді үйретуді және жалпы отбасы институтын дамытуды көздейді.
Оқыту бірнеше саты бойынша жүзеге асады. Қатысамын деушілерге есік ашық. Бұл жобаны келесі жылдары бүкіл Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде өткізу жоспары бар. Жоба ер адамға әке болуды үйретіп қана қоймай, оған әйелге бала туғаннан кейінгі күйзелістен шығуға көмектесуді де үйретеді, — дейді Юля Лысенкова.
Психологтардың айтуынша, бала тәрбиесіне көп уақытын жұмсайтын ерлердің өмірге деген сүйспеншілігі, өзіне деген сенімі артады. Ғалымдар ер адамның қызметте жақсы нәтиже көрсетуіне де отбасындағы атмосфераның тікелей қатысы барын дәлелдеген.
Bope forum-да бизнесте табысты, көпке үлгі болып жүрген әкелер тәжірибесін айтты.
Кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің бір ұл, бір қызы бар.
Оның айтуынша, көптеген ер азамат өздерінің отбасындағы жауапкершілігі ақша табумен шектеледі деп ойлайды.
Балаларға үнемі көңіл бөліп, бірге ойнап, олармен тілдесудің пайдасы көп. Әсіресе ұл тәрбиелеп отырған әке баласын «жеңіліс» сөзіне дайындауы керек. Өмірде жеңіспен қатар жеңілістің де барын және оның қалыпты құбылыс екенін түсіндірген жөн. Біз қазір баланы қалай тәрбиелеп жүрміз? «Бала оқуда озат болуы керек», «спортта тек жетістікке жетуі керек, «қатарластарының алды болуы керек» деп тек бірінші болғанын қалаймыз, талап етеміз. Бірақ шын мәнінде өмір тек жеңістен тұрмайды, — дейді кәсіпкер.
Әйел адамды сыйлай алатын ер қоғамды да құрметтейді. Қайрат Құдайберген ұл балаға әйелдермен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрету де маңызды екенін айтты. Онда да әке сөзбен емес, іспен жақсы үлгі көрсетуі қажет екен. Себебі бала көргенін істейді.
Қазақ бұрыннан ұлды сүймеу керек, еркелетпеу керек деп есептеп келді. Әйтпесе, «ынжық болады, жігіт болып өспейді» дейді. Мен мұнымен келіспеймін. Ұлдың маңдайынан сүйіп тұру қажет. Отбасында ата-ана мейірімін сезініп өскен бала қоғамға да дәл солай қарайды, — дейді Қайрат Құдайберген.
Оның айтуынша, әке отбасында балаларды қорқытып-үркітуші емес, керісінше, олардың кеңесшісі, досы болуы қажет.
Синергия университетінің Қазақстандағы өкілдігінің президенті Бауыржан Қасымбергебаев анасының әке орнын қалай толтырғанын айтты.
Әкем алты жасымда қайтыс болды. Кейін біз Ресейге көштік. Анам мені жалғыз тәрбиеледі. Ол маған әке тәрбиесін көрсету үшін өте ақылды шешім қабылдаған. Нағыз ердің мінезін, тәрбиесін көруім үшін мені үнемі ерлердің ортасына жіберіп отырған екен. Анам мені жаз сайын інісінің жанына жібереді. Ол көлік жүргізушісі еді. Күні бойы жанында жүретінмін. Алғаш ер адамның энергиясын сол кісіден сезіндім. Одан кейін анам мені үнемі мектеп директорымен саяхатқа жіберетін. Ол кісімен Орал тауларын аралап, демалып қайтатынбыз. Одан кейін нағыз ер мінезін жаттықтырушымнан көрдім. Екінші сыныбымнан бастап ушумен айналыстым, — дейді Бауыржан Қасымбергебаев.
Оның айтуынша, ішімдік ішіп, өзгелерді балағаттайтын әкеден тәрбие алғаннан, балаға үлгі болатын ер адамдардан сабақ алған әлдеқайда дұрыс.
Психолог Жанна Сейтқалиеваның айтуынша, қазіргі көптеген ата-ана балаға көңіл бөлуді жаңа үлгідегі телефон алып беру, қымбат киім кигізу, шетелге шығару деп санайды. Бірақ олай емес екен.
Қабылдауыма бір отбасы келді. Оларға «қызыңызбен бірге ашылып әңгімелесіңіз» деген тапсырма бердім. Ертеңіне олар бірге киноға барған. Демек, тапсырма орындалмады. Баламен жай ғана әңгімелесу керек. Баламен бірге ата-ана да эмоциясын шығаруы керек, — дейді психолог.
Оның пікірінше, көп ата-ана осыдан қателеседі.
Отбасы құрылымы бала, ана және әкеден тұрады. Егер әке сырттағы негатив энергиясын үйіне әкелсе, ол әйеліне жетеді. Одан балаға беріледі. Бала мұндай жағдайда сынып қалады. Қалыпты жағдайда бұл керісінше болуы керек, яғни негатив баладан шығып, әкесіне жетіп, оны сыртқа шығару керек, — дейді маман.