Қазақ тілінің қазіргі қолданысының жай-күйін талқылаған қоғам белсенділерінің отырысы «Қазақ тіліндегі үлкен дағдарыс: себептері мен шешу жолдары» деп аталды.
Саясаттанушы Айдос Сарым қазақ тілі туралы айтқанда оны қолданыстағы тіл деп қана емес, кәсіп, заң мен ғылым тілі деп қарау керек екенін айтты.
Мемлекеттік қызметте жүргенде шетелдіктермен келісімшарт жасайтынбыз. Ұялсақ та, құжаттың соңғы беттеріне «құжаттағы жазбаға қатысты қандай да бір мәселе туындаса, орыс не ағылшын тіліндегі нұсқаға сүйенеміз» деп жазып қоятынбыз. Мен білсем, бұл формула әлі бар. Оның себебі — көп терминнің қазақшаланбағаны. Түрлі күрделі бизнес-келісімшарттың негізгі құжаты 100 бет болады, оған қосымша техникалық қағаздарымен 700-800 бетке дейін барады. Қазақша баламасы болмағандықтан сондай құжатты жасаған әріптестер қатты қиналады, — деді Айдос Сарым.
Оның айтуынша, осындай мәселеден барып «құжатты орысша немесе ағылшынша жасай салайық» дейтіндер бар.
Философия ғылымының кандидаты, профессор Қанағат Жүкешев мұндай мәселенің туындауы қазақ тілінің аграрий қоғамнан индустриал қоғамға ауыса алмай жатқаны себеп екенін айтты.
Қазақ тілі бұған дейін аграрий қоғамның жалпыхалық тілі жұмысын жақсы атқарып шықты. Ендігі қоғам өзгерді. Индустриал заманға келдік. Тілді осы қоғамға бейімдеу керек. Бірақ бұл мәселені философтар, лингвистер мен тіл жанашырлары ескермей келеді, — деді Қанағат Жүкешев.
Профессордың айтуынша, қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алған 30 жыл ішінде тілдің дұрыс сөйлеу мен жазу мәселесін шешуге бағытталған ірі деңгейдегі көп шара өтіп келеді, қорлар құрылды. Бірақ бұл жұмыстың бәрі ойдағыдай нәтиже бере алмады.
«Билік басындағылар қазақша сөйлей бастады ғой», — дейтіндер бар. Ол рас. Бірақ қағазға қарап қазақша сөйлеген шенеуніктің сөзін басқа біреу жазып бергені акцентінен-ақ білініп тұрады, — деді Қанағат Жүкешев.
Философ қазақ тілінің қуаты заманауи көркемөнерден, әдебиеттен көрінбей отырғанын айтты. Қазақша оқулықтың қатесі көп. Философия, құқықтану, әлеуметтану салалары оқулығының көбі қазақшаға қате немесе калькамен аударылған.
Философияның оқулығын алып қарасақ, «көзқарас», «зерде», «дүниетаным», «ой қорытынды» сияқты сөздер бірінің орнына бірі қолданылып жүр. Бірінші бетте бір мағынада тұрса, екінші бетте басқа мағынада тұрады. Теледидарда сұхбат берушілердің бастауышы мен баяндауышы бар, тұрлаусыз мүшесі түгел, нүкте қойылған сөйлемі аз. Оқушы, студент тыңдап, түсінетіндей қазақша контент аз, — дейді профессор.
Қанағат Жүкешев бұл мәселені шешу үшін тілді жүйеге түсіріп, стандарттау керек екенін айтты.
Тілді стандарттау дегеніміз — синонимі көп сөздердің ішінде біреуін жалпыхалық қолданысына таңдап алу. Бізде сөздің екі түрлі, он шақты түрлі нұсқасы бар. «Қазақ әдеби тілінің 15 томдығы» сөздігінде «қалт етті» сөзі 32 нұсқада берілген. Бұл индустриал қоғамның нормаға түскен тілінің талабына сай келмейді. Мұндай сөздерді жаттау қазақ тілін үйренушілерге де қиын. Өйткені олар бір сөздің орнына бірнеше сөз үйренуге мәжбүр. Мәселен, «өмір» мен «ғұмыр» сөздерінің бірін ғана қолдану керек. Бұқаралық ақпарат құралдары мен мектептің тілінде «әрекет», «қарекет» пен «харекет» сөздерінің бірі ғана жүруі керек, — деді Қанағат Жүкешев.
«Қазір біз аударма тілімен сөйлеп кеттік»
Филолог, аудармашы Назгүл Қожабек философ айтқан сөздердің мағынасы әртүрлі екенін, синоним ретінде қолданылмауы қажет екенін айтты.
Бір ыдысты алып, басқа жерге қойсам, ол «әрекет» болады. Ал үй салуға кіріссем, бұл «харекет» болады. Сөз мағынасын шатастырмау керек. Қазір біз қазақша емес, аударма тілмен сөйлей бастаппыз. Лифт «үстіден астыға қарай» жүретін болған, ал негізі ол «жоғары-төмен» жүруі керек еді. Тағы бір мысал келтірейік. Қазақ тілінде «қажетін өтеу» деген тіркес бар. Мәселен, мен білім алу қажетімді мына кітпапты оқу арқылы өтеймін. Бірақ бұл тіркесті көбі қазір қолданғысы келмейді. Өйткені оған ұқсас дәретханаға баруды білдіретін «әжетін өтеу» деген тіркес бар. Бұл да «әрекет» пен «харекет» сияқты екі басқа сөз бола тұра бірінің орнына бірі қолданылып жатыр, — деді Назгүл Қожабек.
Оның айтуынша, кей тіркестің қазақшасы бола тұра оның орысшадан аударылған нұсқасы бұқаралық ақпарат құралдары мен оқулықтарда жиі қолданылып жүр.
«Қажетін өтеуді» ағылшынша need satisfaction, орысша «удовлетворение потребности» дейді. Ал экономика әдебиетінде оны «қажеттіліктерді қанағаттандыру» деп аударады. Сонда «шөлдегенде қажетімді су өтемейді», «шөлімді басуға деген қажеттіліктерімді су ішу арқылы қанағаттандырады» екем. Бұл дұрыс емес. Қазақ тілін құртып жатқан — осындай аудармалар. Орыс тілінің «-ный» мен «-ский» деген жұрнақтарына байланып алдық. Содан барып «қазақтық тілде» сөйлей бастадық. Бұл да — «казахский язык» тіркесінің қате аудармасы. Тілді өзіміз шұбатып алдық, — дейді филолог.
Назгүл Қожабек тілді стандарттау үшін жұмысты балабақша мен мектептен бұрын ақпарат құралдары, яғни сайт пен баспасөз тілінен бастау қажет екенін айтты.
Ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарынан бастап, газеттер мен сайттардағы бас редактордың жауапкершілігін арттыру керек. Бас редактор — редакциядағы шексіз билігі бар адам. Ол өзінің тілінде, журналистерінің тілінде қате бар екенін мойындауы керек, — дейді спикер.
«Қазақ тілінің мағыналас сөздерін азайтайық»
Айдос Сарым «тіл мамандары мен кәсіби саланың мамандары бірігіп, әр салада қолданылатын бір сөзді ғана қалдыру керек» деген ұсыныс айтты.
Ағылшын тілінде сөйлеу үшін 1 500 сөзді білу жеткілікті. Ал біз жылқының жасы мен түр-сипатын айту үшін 200-300 сөзді пайдаланамыз. Болашаққа ұмтылған халық екенбіз, ендеше қазақ тілінің қолданыстағы мағыналас сөздердің қатарын саналы түрде азайтайық, — деді Айдос Сарым.
Саясаттанушының айтуынша, кей тіл жанашыры сөздің ескі, қазір қолданыстан шығып қалған баламасын тауып, соны енгізуге тырысып жатады. Бұл тілді стандарттауға кедергі жасайды.
Қанағат Жүкешев тілдің стандарттау мәселесін шешудің бір жолын ұсынды.
Әуелі қазақ тілін стандарттайық. Содан кейін нормаға түсіріп, оны заңмен бекітейік. Оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарында бекітілген тіл нормасын сақтау қажет екенін міндеттейік. Сонда белгілі бір деңгейде стандарт тіл ортасы қалыптасады. Қазақ тілін үйрену де жеңілдейді, — деді Қанағат Жүкешев.
Қазақ тілінің «үлкен дағдарысын» талқылаған мамандар нақты шешімге келген жоқ. Дегенмен негізгі мәселелерді көтере отырып, тілдің қазіргі ахуалына мейлінше әділ баға беруге тырысты.