Басты бет Жаңалықтар Рафаэль Надаль мен Новак Джокович Ақордада болды

Рафаэль Надаль мен Новак Джокович Ақордада болды

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанға келген әлем теннисінің жұлдыздары Рафаэль Надальмен және Новак Джоковичпен кездесті. 

Фото: Akorda.kz

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қазақстанға қайырымдылық матчына қатысуға келген теннисшілерге алғыс айтты.

Бұл — қазіргі заманның даңқты теннисшілерінің ойынын Қазақстанда тамашалауға керемет мүмкіндік. Бұл матчтың қайырымдылық мақсатына өтіп отырғаны аса маңызды. Астанамызға келгендеріңіз Қазақстанда дамып келе жатқан тенниске үлкен қолдау екені даусыз. Мұнда балаларға көрсететін шеберлік сабақтарыңыз оларға жақсы үлгі болады және шабыттандырады деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Новак Джокович, Қасым-Жомарт Тоқаев, Рафаэль Надаль
Фото: Akorda.kz

Рафаэль Надаль мен Новак Джокович Қазақстандағы теннистің дамуына жоғары баға берді. Олар кездесуге мүмкіндік бергені және теннисті қолдап отырғаны үшін Президентке алғыс айтты.

Бұл менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Әр келген сайын әсем астананың келбетінен рақат табамын. Дегенмен бұл жолғы сапарым ерекше. Өйткені ғажап «Ақорда» сарайында Өзіңізбен кездесуге мүмкіндік алдым, — деді Рафаэль Надаль.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларға табыс тілеп, Рафаэль Надальді шаңырақ көтеруімен құттықтады.

Президент мырза, Қазақстанда тенниске көрсеткен қолдауыңызға алғысымды білдіргім келеді. Еліңізде теннистің насихатталуына және дамуына үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз, — деді Новак Джокович.

24 қазанда Нұр-Сұлтандағы «Барыс Аренада» Новак Джокович пен Рафаэль Надаль теннис ойнайды. Матчтың билетінен түскен қаражат қайырымдылық мақсатына аударылады. Бұл шараны Қазақстан теннис федерациясының басшысы Болат Өтемұратов жеке қаржысына ұйымдастырып отыр.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version