Қазақстан Doing Business рейтингінде 25-орынға көтерілді

Дүниежүзілік банк Doing Business бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстанның позициясын 3 тармаққа — 28-орыннан 25-ке дейін көтерді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дүниежүзілік банк жыл сайын бизнесті жүргізу жағдайларының қолайлылығы бойынша 190 мемлекеттің рейтингін жариялайды. Талдау 10 көрсеткіш бойынша жүргізіледі, оның ішінде жаңа бизнесті құруға жұмсалатын уақыт және ақшалай қаражат шығындары, құрылысқа рұқсат алу, электр энергетикасы инфрақұрылымына қолжетімділік, меншік құқығын тіркеу, несие алу, миноритар инвесторлардың құқығын қорғау, салық салу, халықаралық сауданы жүзеге асыру және тағы басқасы бар.

Қазақстан Исландия (26-орын), Австрия (27-орын), Ресей (28-орын), Жапония (29-орын), Испания (30-орын), Армения (47-орын), Беларусь (49-орын), Қырғызстан (80-орын) және басқа да көп елдің алдына шықты.

Doing Business рейтингінде Жаңа Зеландия, Сингапур және Гонконг көш бастап тұр.

Doing Business рейтингіндегі Қазақстан позициясын арттыру Үкіметтің әрекет етіп тұрған заңнаманы реформалау, рұқсат жүйесін жетілдіру, бизнес құру рәсімдерін жеңілдету, мемлекеттің бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру және еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі жүйелі жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында мүмкін болды, — деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министрдің баспасөз қызметі Үкімет Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша бизнесті дамыту жағдайларын жақсарта беретінін де хабарлады.