ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстанда алғаш рет шығарылған «Кировец» тракторын сынап көрді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Асқар Мамин Қостанай облысына барып, Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуымен және Мемлекет басшысының Қостанай облысының өнеркәсіп әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуымен танысты. Үкімет басшысы Қостанай трактор зауыты базасындағы «Кировец» жоғарықуатты тракторын шығаратын жаңа өндірісті салтанатты жағдайда ашты.
Кәсіпорынның жоба қуаты 2025 жылға қарай жергіліктендіруді біртіндеп 50%-ке дейін арттырған жағдайда жылына 700 дана техникаға дейін жетеді. Үш кезеңмен іске асырылатын жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі — 7,3 миллиард теңге. Өндірісте 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын, іргелес салаларда 700 жұмыс орнын ашу көзделген.
Премьер-министрдің қатысуымен «Петербург трактор зауыты» АҚ (ПТЗ) бас директоры Сергей Серебряков пен Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев «ПТЗ» АҚ-ның Қостанай трактор зауытының жарғылық капиталына кіруі туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан алдына ауыл шаруашылығы техникалары мен оның құрауыштарының жоғарытехнологиялы өндірістерін құру міндетін қойып отыр. Бүгін біз аты аңызға айналған «Кировец» тракторының өндірісін іске қосамыз. Жаңа зауыт Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын елімізде құрастырылған «Кировец» сапалы әрі сенімді техникасымен қамтамасыз етеді, — деді Аcқар Мамин.
Үкімет басшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы техникасы нарығын кеңейтуге, оны одан әрі экспорттауға, жергіліктендіру процестерін тереңдетуге және сервис деңгейін арттыруға мүдделі екенін айтты.
Қазақстанда «Кировец» энергиятиімді тракторларының заманауи өндірісін ашу отандық машина жасау саласын дамыту стратегиясына сәйкес келеді. Аталған жобаны бастау өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммунал шаруашылық саласына тракторларды шығаруға, жергіліктендіруді ұлғайтуға және өнеркәсіптің іргелес салаларын дамытуға мүмкіндік береді, — деді Премьер-министр.
Асқар Мамин Қазақстанда алғаш рет шығарылған «Кировец» тракторын өзі сынақтан өткізді.
Қазақстанда «ПТЗ» АҚ өнімдері кең тараған. Мәселен, 2014-2017 жылдар аралығында елімізде 500-ге жуық «Кировец» сатылған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанға жыл сайын 1 600 трактор қажет.
Премьер-министр жұмыс сапары барысында өңірдегі құрылыс және тоқыма саласындағы ірі кәсіпорындар — «Қостанай-МБИ» серіктестігінің үй құрылысы комбинаты мен «Большевичка» өндірістік кооперативінің жұмысымен де танысты.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қостанай облысында өнеркәсіп өндірісі көлемі 862,8 миллиард теңге болды. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің көлемі 373,4 миллиард теңге, өңдеу өнеркәсібі өндірісі 446,6 миллиард теңгеге жетті. Өсімге машина жасау саласындағы көлемнің 95,9%-ке (өңдеудегі үлесі — 36,4%), металлургиядағы көлемнің 28,3%-ке (өңдеудегі үлесі — 21,6%), машиналар мен жабдықтар, басқа да дайын металл бұйымдары мен жеңіл өнеркәсіп көлемінің ұлғаюы себеп болған.