Nur Otan партиясының 18 қазандағы кеңесінде не айтылды?

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспары» бағдарламасы қаралды.

Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Асқар Маминнің, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің, Премьер-министрдің бірінші орынбасары және Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың, Премьер-министрдің орынбасарлары Бердібек Сапарбаевтың және Роман Склярдың баяндамасын тыңдады.

Баяндамадан кейін Нұрсұлтан Назарбаев елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы  партияның айрықша роль атқаратынын атап өтті.

Қазір партиямыздың алдында қоғамды жұмылдыру, партия атынан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайына элитаны топтастыру міндеті тұр. Партия елдің жетекші саяси күші ретінде мемлекет дамуының стратегия бағытының сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан Үкімет пен фракция жүйелі жұмыс жүргізіп, ел-жұрттың нақты мәселесін бірлесе шешуі керек, — деді Nur otan партиясының төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбае, Асқар Мамин, Нұрлан Нығматуллин
Фото: Elbasy.kz

Нұрсұлтан Назарбаев сайлауалды бағдарламаның және Ұлт жоспарының орындалу нәтижелеріне тоқталып, партияның қалған міндеттемелерін орындауға қатысты ықтимал қатерлерді атап көрсетті.

Біз жақсы нәтижеге қол жеткіздік. 3,5 жылдың ішінде 430 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 2,7 мың шақырым жол салынды. Еуразия құрлықаралық дәлізі іске қосылды. Елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 28%-ке жетті. 1 жыл ішінде біз Doing Business рейтингісінде 8 позицияға ілгерілеп, 28-орынға көтерілдік, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен партияның сайлауалды бағдарламасы Үкіметтің бес жылдық қызметінің негізін құрауы керек екенін атап өтті. Ал партияның Мәжілістегі фракциясының мүшелері ықтимал қатерлердің дер кезінде алдын алып, бағдарламаның орындалуын үнемі қадағалап отыруы қажет.

Біздің міндетіміз — ұзақ мерзімді көшбасшылықты сақтау. Мәжіліс сайлауына партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын дайындау жұмыстарын бүгіннен бастау керек. Стратегия бағытын негізге алып, әртүрлі әлеуметтік топтың нақты мүддесін көздеп, ел-жұрттың нақты сұранысын өтеген жөн, —  Тұңғыш Президент.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерді дамыту бағдарламаларының жүзеге асырылу барысына тоқтады.

Қазір бұл стратегия бағдарламалары ойдағыдай деңгейде жүзеге аспай отыр. Олардың орындалуын қадағалап отырған бақылау жоқ. Кейбір тармақ мүлдем орындалмайды. Жоспарланған жұмыстарға үнемі түзетулер енгізіліп келеді. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі Nur Otаn партиясымен және оның фракциямен бірлесіп, аталған бағдарламалардың орындалуы туралы тыңдау ұйымдастыруы керек. 2025 жылға дейін аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламаларын жасау қажет, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Nur Otan партиясы кеңесі
Фото: Elbasy.kz

Осыған байланысты Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2020 жылдың 1 наурызына дейін әр аудан, қала және облыс үшін аумақтық даму бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды.

Cонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Nur Оtаn партиясының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фракциясының жұмысына тоқталып, Nur Оtаn партиясының рейтингі барлық деңгейдегі депутаттардың жұмысының нәтижесінде қалыптасатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев депутаттардың өңірлерге жұмыс сапарларының форматын қайта қарауды және партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде бірінші басшылар мен азаматтардың кездесуін ұйымдастыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Талдау нәтижесі біздің партияның депутаттары БАҚ-ты жеткілікті пайдаланбайтынын көрсетті. Сонымен бірге Nur Оtаn фракциясы қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер бойынша бастама көтере бермейді. Соңғы бірнеше ай ішінде Nur Оtаn фракциясының мүшелері бірде-бір резонанс бойынша өз ұстанымдарын білдірмеген, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев фракция жұмысында бюрократияны және үйлестірудің күрделі процедураларын жою қажет екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: Elbasy.kz

Нұрсұлтан Назарбаев партия органдарының — Партиялық бақылау комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыруды тапсырды.

Осы органдарға кіретін депутаттар белсендірек әрекет етуі қажет. Өзекті мәселелерді көтеріп, жұртшылықтың қатысуымен нақты шешім ұсынғандарыңыз жөн, — деді партия төрағасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті өздеріне Конституция арқылы бекітілген заңнамалық бастаманы фракция депутаттарының іс жүзінде қолдана бермейтінін атап өтті.

Депутаттар — партияның діңгегі, белсенді электораттың негізі. Халық сіздерге партия арқылы тиіс өкілеттік берді. Сол себепті азаматтарымыздың мәселеcін шешу жолында жұмыс істеулеріңіз керек, — деді партия төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев партияның саяси көшбасшылығын сақтап қалудың маңызын атап өтті.

Біздің басты міндетіміз — тұрақтылық, Қазақстанның өсіп-өркендеуі және қарапайым азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Сондықтан уәделерімізді орындау үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.