Алматы әкімдігі "Медеу" қонақтары үшін мұзайдыны жұмысына бірқатар өзгеріс енгізді.

2019 жылдың 19 қазанында “Медеу” мұзайдынының кезекті маусымы ашылады.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен биыл мұзайдыны мен қызмет көрсету сапасына көп көңіл бөлінді.

Мұздың сапасын арттыру үшін енді мұз жиі толтырылады, сеанс уақыты қысқарады. Бұл мұздың жылдам бүлінуін төмендетеді.

Көптен бері шешілмей жүрген мәселенің бірі – кезекке тұру. Мұзайдыны алдындағы кассада барлық қызметтің ақысын бірден төлеуге болады. Кіру билетін ғана емес, конькиді жалға алу мен нұсқаушы қызметіне де осы кассадан төлейсіз. Қажет емес қызметті төлеу міндеттелмейді. Мысалы, қонақ өз конькиімен келсе, онда “Медеудегі” конькиді жалға алу ақысын төлемейді, – делінген Алматы әкімдігінің сайтында.

Жаңа маусымда қайта сырғанауға ақша төлеудің қажеті жоқ. Енді мұзайдынына келген қонақ 1000 теңгеге алған конькимен сеанс соңына дейін сырғанай алады. Келуші ақшасын үнемдеп қана қоймай, жалға алу кассасына екінші рет кезекке тұрмайды.

“Медеу” қонақтары билетті 1 ай бұрын www.medey.info сайтынан онлайн ала алады. Onay төлем картасы арқылы билет алу да кезекке тұру проблемасын шешеді. Картаны метродағыдай турникетке тигізсе, аппарат картадан билет ақысын тариф бойынша автомат түрде алады.

Конькиді жалға беру орны кеңейіп, коньки беретін терезе саны артты. Конькиді қайрау бөлмесі мен кафетерий бөлек орналасқан. Бұған дейін 2000 дана коньки болса, қазір олардың саны – 3 500.

Келушілер нысанның дәретханасына жиі шағымданды, қазір ол жөнделді. Балалардың қауіпсіздігі үшін қорғаныс комплектілері мен сырғанауды жаңа бастағандарға арналған қосымша инвентарь сатып алынды. Оның ішінде ең кішкентай келушілерге арналған “киттер” де бар, – делінген хабарламада.

“Медеуде” бес қоғамдық тамақтану орны бар. Соның бірі – орталық аренадағы фудкорт. Мұндай әдіс қызмет көрсетуді жүйелендіріп, қызметті бағалап, оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді. “Медеудегі” қоғамдық тамақтану жүйесі жаңарады.

2020 жылдағы маусымнан бастап 1972 жылғы сәулет жобасындағы элементтер алынады. Бақытжан Сағынтаев “Медеудің” 50 жылдық мерейтойына дейін мұзайдынының тарихи келбетін қалпына келтіруге тапсырма берді. Ең әуелі оның алдындағы жарнама конструкциялары алынды. Тамақтанатын киоскілер сүріліп, олардың орнына “қарлығаш” стиліндегі заманауи павильондар пайда болады.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Jacqui Lee)