Тұңғыш Президент түркітілдес мемлекеттер кеңесінің VII саммитінде не айтты?

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев саммитте Президент Шавкат Мирзиеевті және бүкіл өзбек халқын Түркі кеңесіне толық мүшесі болуымен құттықтады.

Кеңестің құрамына Өзбекстанның мүше болуы — бүкіл түркітілдес қауымдастық үшін тарихи әрі көптен күткен оқиға, — деді Қазақстанның тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Будапеште Түркі кеңесінің өкілдігін ашу — ынтымақтастықтың Еуропа векторын дамыту үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.

Түркі кеңесі
Фото: Elbasy.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Түркі кеңесіне төраға қызметіндегі жұмысын жоғары бағалады.

Маған «Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы» мәртебесін беру туралы ұсынысы үшін Түркия Президенті Режеп Ердоғанға алғыс айтамын. Осы бастаманы қолдағандарыңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған ұйымым жұмысына одан әрі белсенді қатысуға мүмкіндік береді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі кеңесінің құрылу тарихына тоқтады.

Мерейтойға жақсы жетістікпен жеттік. Біріншіден, ұйымға сұраныстың бар екенін әрі оның өзекті екенін дәлелдей алдық. Екіншіден, Кеңестің қатары Өзбекстан және Мажарстанмен толықты. Бұл — біздің бірлескен жылнамамыздың жаңа парағы. Үшіншіден, елдеріміз салмақты институционал архитектура қалыптастырды. Төртіншіден, Кеңестің өңірлік және халықаралық деңгейдегі саяси және экономика беделі өсіп келеді. Бесіншіден, Түркі әлемі интеграциясының тұжырымдамасы қабылданды, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесі саммитінде. Фото: Elbasy.kz

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі интеграциясы процесін жалғастырудың маңызына тоқтап, Түркі кеңесін одан әрі дамыту үшін екі ұсыныс айтты.

«Түркі келешегі-2040» бағдарламасын әзірлеу керек. Бұл құжатқа түркітілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуі тиіс. Осылай біз мемлекеттеріміз үшін сыртқы саясат пен «жұмсақ күш» саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика мен жасыл экономика, шағын және орта бизнес сияқты басым бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай серпін береміз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев іс-шаралар бағдарламасына мәдениет және білім беру, жастар саясаты мен денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды интеллект салаларын енгізу қажет екенін айтты.

Кеңес атауын қайта қарауды ұсынамын. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін Ұйым деңгейіне дейін көтеруге болады деп есептеймін. Біздің құрылымды «Түркітектес мемлекеттер ұйымы» деп атауға болады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.