Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегі 2020 жылы өтеді

DAZN стримингтік қызметінің Солтүстік Америкадағы атқарушы вице-президенті Джо Марковски Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасында үшінші кездесудің жоспарланып жатқанын мәлімдеді.

Келісімшарттың бүге-шүгесіне тоқталмай-ақ қояйын. Дегенмен бұл жекпе-жек келесі жылы өтеді. Канелоның командасы бұл келіссөздерде «А» тарапы болатыны белгілі. Ол мықты жекпе-жектер өткізуді қалайды. Алайда жұрт Канело – GGG трилогиясына куә болғысы келеді және Альварес пен Golden Boy басшылығы мұны жақсы түсінеді, — деді Марковски Boxingscene порталына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, келіссөздер 2 қарашада басталады.

Біз келіссөздерді 2 қарашадан кейін жүргіземіз. Олармен жүздесу проблема тудырмайды. Біз Альварестің салмақ көтеру туралы ойын құрметтейміз, — деп сөзін аяқтады вице-президент.

The Athletic мәліметі бойынша Геннадий Головкин келесі жекпе-жегінде поляк Камил Шереметамен кездесуі мүмкін.

Геннадий Головкин 5 қазанда Нью-Йоркте украиналық Сергей Деревянченкомен жұдырықтасты. Кездесу 12 раундқа созылып, қазақстандық боксшы төрешілер шешімімен жеңді. Осылай спортшы IBF және IBO титулдарын иеленген еді.