2010 жылдың 10 қазанында Surak-zhauap.kz, қазіргі Baribar.kz порталы құрылды. Портал содан бері біршама жетістікке жетті.
2018 жылы Baribar.kz Chartbeat аналитикасын тегін қолдану үшін БАҚ арасында өткен байқауда жеңімпаз болды. Осылайша портал ұжымы оқырман аудиториясын егжей-тегжейлі талдауға мүмкіндік беретін жүйені алғашқылардың бірі болып қолданды. Chartbeat құралдарын редакция жұмысына енгізу БАҚ-қа өз аудиториясын дұрыс талдап, жақсырақ түсінуге, онлайн-өлшеудің барынша дәл әдістерін қолдануға және контент сапасын көтеруге көмектеседі.
Болашақта қазақ журналистикасы қалай өзгеруі мүмкін? Baribar.kz оған қандай үлес қосады? Портал қызметкерлері осы сұрақтарға жауап береді.
Ербол Серікбай, Baribar media ЖШС директоры:
Соңғы 3-4 жылдың көлемінде көп жұмыс істедік, біршама жас журналисті дайындадық. Соның арқасында жұмыстарымыз нәтижелі болды. Baribar.kz lifestyle контентке көбірек көңіл бөлуге тырысып жатыр. Соның ішінде жас мамандар мен ғалымдар туралы және шетелде білім алуға қатысты көп материал жарық көрді.
Американың Qz.com, Vox.com сияқты онлайн-басылымдарындағы контентті, түрлі қызық кейіпкерді көріп, бізде де мұндай адамдар болмауы мүмкін емес деп ойладық. Ресейдің Incrussia.ru, Lifehacker.ru тәрізді сайттарынан үлгі алуға тырысамыз. Олардың бизнес, ғылым-білімдегі жетістіктер, қоғам игілігіне үлес қосып жатқан адамдар жайлы story материал беру форматын өзімізде сынап көреміз. Өз арамызда жүрген адамдардың өмірі, дүниетанымы мен көзқарасы туралы қазақ тілінде материал болса, көпшілік білсе екен деген арманымыз болды. Сол мақсатқа біртіндеп жетіп келеміз. Алдағы уақытта мұндай контентті көбірек ұсынамыз.
Сонымен бірге Baribar.kz болашақта тек ақпарат мен танымдық материал ұсынатын портал емес, интернет-дүкен ретінде де танылады. Интернет-дүкеннен адамдар күнделікті өмірге қажет барлық затты табады. Осылайша, Baribar.kz көпфункционал мүмкіндігі бар порталға айналады. Әзірше жоспарымыз біртіндеп жүзеге асып келеді.
Ақжарқын Қыдырханова, бас редактор:
Қазіргі қазақ журналистикасы және аудитория талаптары өтпелі кезеңде тұрғандай көрінеді. Себебі біздің журналистер материалын түр-сипаты өзгерген жанрларға кейде сәтті бейімдемесе, кейде айтар ойын, мақсатын аудиторияға жеткізе алмай қалып жатады. Оған ақпараты көп оқырманның өзіне керегін таңдай алмауы да себеп сияқты. Дегенмен өткен бес жылдағы жағдаймен салыстырғанда қазақ оқырмандары «саржағал» вирус ақпаратқа әжептәуір салқынқанды қарайтын деңгейге жеткендей. Бұған сапалы контент беретін медиалар әсер етіп жатыр деп есептеймін. Baribar.kz порталы да сол қатардан көрінуді мақсат етеді.
Baribar редакторларына материал әзірлегенде ақпараттың шынайылығын тексеру, нейтрал позицияны, пікір балансын, жалпы халықаралық стандарттарды сақтау және ақпарат тілін сауатты қолдану қатаң талап етіледі. Бәлкім, шағын ұжым үшін бұл жетістік болар. Мұны әуелде дұрыс қойылған мақсаттан және тәжірибелі мамандардың Baribar-ға сіңірген еңбегінен деп түсінемін. Әрине, осы тұста редакцияның алға жылжуына елеулі үлес қосқан бұрынғы бас редактор Болатбек Мұхтаровтың еңбегін атап өтуіміз орынды.
Baribar ақпараттық-танымдық бағытқа өткелі бері тек позитив контент ұсынуды көздеді. Алдағы уақытта осы бағытын жалғастырып, longread, қызық story материалдармен және видеоконтентпен оқырмандарын қуантуға әзір.
Еңлік Сақтан, редактор:
Қазақ журналистері шамасы келгенше еңбек етіп жүр. Тек бәрінің ойы, жұмысы біріксе, ортақ бір түсінік қалыптасса деймін. Журналистика халықтың ішінен дамуы керек деп ойлаймын. Кеңседе немесе шарада отырып, мәселені бүге-шүгесіне дейін біле алмаймыз. Әлі көп проблема айтылмады, ашылмады, көрсетілмеді. Болашақта санасын әлеуметтік проблема ғана мазалайтын емес, адамзаттың дамуы толғандыратын оқырманның қатарының көбеюіне себепкер болуымыз керек. Бұған халық та көмектессе деймін.
Меніңше, Baribar.kz оқырманы талғампаз, нені қалайтынын біледі. Тек сол оқырманның қалауын өтей алсақ екен. Әлеумет пен еңбек, медицина мен білім біздің порталдан түспейді. Оқырманның көбі жастар болған соң кәсіп ашқан, шетелде білім алып жүрген жастар туралы да жиі жазамыз. Алдағы уақытта сторителлинг материалдарды көбірек жазуды жоспарлаймыз. Өйткені оқырманға сол қызық.
Таңшолпан Төлеген, редактор:
Қазір журналистика көбіне жаңалық таратудың айналасында қалып қойғандай көрінеді. Оқырман тарапынан ақпаратқа сұраныс артқан соң онлайн-басылымдар соған көбірек көңіл бөле бастайды. Сол себепті журналистердің пайдалы контент пен сараптама материал жазуға уақыты тапшы болуы мүмкін. Хабарды бірінші беретіндердің еңбегін бағалау керек. Бірақ соны ғана ойлау дұрыс емес деп есептеймін.
Порталдың мақсаты — ақпаратты жеткізумен қатар оқиғаны маман пікірімен талдау. Болашақта Baribar.kz оқырманға қазақтілді сапалы контентті түрлі әдіспен ұсынады. Қазір біраз тақырып қамтылған материал жарық көріп жүр. Мысалы жыныс сауаты тақырыбына арналған «Интим 16+» айдары ашылды. Әлеуметтік тақырыпқа байланысты халық көп сұрайтын «Картотека» айдары бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Портал алдағы уақытта оқырманға тың әрі пайдалы жобалар ұсынады.