Лейла Жансүгірова
Фото: Aikaalemi

Археологиялық зерттеулердің генетикамен қандай байланысы бар?

Археолог Зейнолла Самашев «Елеке сазы» жазығынан бірнеше жәдігерді тапты. Табылғанның бәрін антропология да, генетика да жан-жақтан зерттеп, алтын адамның киімін, бет-әлпетін қайта құрастырды. Лейла Жансүгірованың айтуынша, мұндай зерттеу басқа елде болмаған. Бұл — біз үшін үлкен жаңалық.

Генетика арқылы ұлтымыздың әлемдегі орнын анықтай аламыз. Сақ қорғандарын зерттеп, талдау жүргізгенде олардың генінің мықты болғанын және соның бүгінгі ұрпаққа жеткенін байқадық. Бірақ сақтарда жақын адамдарымен құдаласу болған. Бұл генетикада тұқымның бұзылуына, адамдардың аурушаң болып тууына әкеледі. Кейін ата-бабаларымыз мұның қате екенін біліп, шамамен Қазақ хандығы құрылған кезде түрлі аурудың алдын алғысы келген. Олар бұл мәселені асқан даналықпен шешті. Ұшы-қиыры жоқ кең далада өмір сүру оңай емес. Сонда да олар күшті генетикалық қор сақтады, әр ұрпақ өз буынын санап отырды. Осылай жеті ата ұғымы қалыптасты, — дейді профессор.

Болашақ ұрпақтың өсіп-жетілуіне генетика қалай әсер ете алады?

Генетика дамуға мықты потенциал бере алады. Ген күшті болмай, адам да, қоғам да мықты болмайды.

Біз неге генетиканы зерттейміз? Себебі осылай еліміздің медицинасын, экологиясын жақсарта аламыз. Мысалы, дамыған елдерді алсақ, біліміне, адамның өсіп-жетілуіне жақсы көңіл бөлген. Дәл солай әрекет етіп, 15 жылдан кейін дамыған қоғам қалыптастыруға болады, — дейді маман.

Генетика өте тез дамып келе жатыр. Ол бүгін бәрімен байланысты, әсіресе, медицинада танымал. Дүниеге дені сау бала алып келу үшін де генетикаға жүгінуге тура келеді. Сондықтан генетика медицинамен  тең жұмыс істейді.

Қазір эпилепсия мен аутизм бойынша жобалар бар. Бірақ аутизм әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Ол үшін қарапайым құралдар керек. Әзірше аутизммен ауыратын балалардың қоры көмектесіп жатыр. Мысалы, генетикада спортшының төлқұжатын жасауға болады. Бұл тек спортшы дайындауымыз керек деген сөз емес. Әр адамның генетикасына қарап, балаңызды салауатты өмір салтына дайындайсыз. Балаңыздың генін білсеңіз, оны қабілетін ашатын іске баулисыз. Соған лайық режим мен тағам таңдай аласыз, — дейді генетик.

Топырақтағы химиялық қалдықты генетика қалай зерттейді?

Егіншілікте жақсы өнім алу үшін топыраққа түрлі химиялық қоспаларды себеді. Соның бірі — пестицидтер. Бұл химиялық қоспа адамға өте зиян. Оны жою үшін топыраққа көміп, ол жерге қайта егін егуге болмайды.

Қазақстанның кей өңірінде әлі де жойылмады, ресми түрде тек Қостанай облысында көмілді. Бір жағынан пестицидтер бар жерге үй салынған, адамдар тұрады. Көшсе де, басқасы келеді. Алматы облысында бұл проблема шешілмей жатыр. Мысалы, Талғар ауданын алсақ, пестицидтер сақталған қоймаға жақын жерде адамдар тұрады. Олар сол жерде егін егіп, оны сатады. Ең қорқыныштысы — бұл қоспаның зияны ағзада, генде қалады. Ол адамға да, жануарға да теңдей әсер етеді. Қойманың қасындағы егін даласы шетелдік азаматтың атында екен. Сол жерге тұрғындар малын жаяды, кейін сүтін сауып, оны сатады, — дейді Лейла Жансүгірова.

Дегенмен тұрғындар қауіпті сезбей жүр. Генетиктің айтуынша, халықты басқа жерге көшуге көндіру қиын.

Бесқайнар ауылында бір тұрғынның жұбайы мен баласы қатерлі ісіктен қайтыс болған. «Бұл жерде өмір сүру қауіпті» деп, жағдайды түсіндірсек, олар бізге еккен жемісін, көкөнісін ұсынады. Жеуге қауіпті болса да, қолдан өсіріп жатқан еңбегін қимайды, — дейді ол.

Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Қазір мемлекеттік бағдарлама бойынша зерттеу жүргізіп жатырмыз. Жағдайды қалай жақсартуға болатынын ұсынып көруіміз керек. Бесқайнардағы микроорганизмді, ауыр металдар мен пестицидтің қалдығын зерттеп, топырақты жақсартқымыз келеді. Зертханада ағаштарды өсіріп, Бесқайнарға соларды егіп, топырақты бақылап жатырмыз. Себебі біз еккен ағаш топыраққа жақсы биоаккумулятор болады. Нәтижесі жаман емес. Генетика түрлі салада қажет болғасын, тарихты білмесек, оқимыз, егін де егеміз, — дейді Лейла Жансүгірова.

Генетика зерттеу жүргізіп, қалай көмектесуге болатынын анықтайды. Лейла Жансүгірованың айтуынша, кейде құралдардың ескіруі бәрін зерттеуге мүмкіндік бермейді.

Генетикада бес жыл бұрын сатып алған құрылғы бүгін көмектесе алмауы мүмкін. Ең үлкен проблема — осы. Ғылым салалары бизнестің арқасында дамып жатқанымен кәсіпкерлер дәл неге инвестиция құю керек екенін білмей жүр. Себебі ғылым нәтижені қазір көрсетпейді. Қандай пайда болатынын болжау қиын. Бірақ генетика ең керек нәрсені зерттеп жатыр деп айта аламын, — дейді генетик.