Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Ұстаздар күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Қала басшысы құттықтау сөзінде қоғамның міндеті – мұғалімнің беделін биікке көтеру екенін айтты.
Мұғалім кәсіби сауатты болумен қатар білім берудің жаңа құралдары мен әдістерін меңгеруі, қоғамда болып жатқан өзгерістерді жете сезінуі тиіс. Балаларды өз беттерінше ойлай білуге, шешім қабылдауға және өз таңдауы үшін жауапкершілікті мойнына алуға үйрету қажет. Сіздер күн сайын оларға жаңа Қазақстанға лайық азамат болуға көмектесіп келесіздер, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Алматының жас мұғалімдеріне әкімдік қолдау көрсетіп келе жатыр. Биыл 634 жас мұғалім 50,5 мың теңге көлемінде бірреттік материалдық көмек алды. Оған бюджеттен 32 миллион теңге жұмсалған.
Білім саласының бірқатар қызметкерлері «Ыбырай Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының Құрметті білім қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.