Жазушы Шерхан Мұртазаның жүлдесіне арналған турнир аяқталды

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жүлдесіне арналған бильярд турнирі осымен үшінші рет ұйымдастырылды. Турнир жазушының көзі тірісінде 85 жасқа толған мерей тойында алғаш өткен. Биылғы турнирдің өтуіне Алматы әкімдігі қолдау көрсетті.

Қатысушылар 55 жасқа дейінгі топта және ардагерлер тобында жарысты. Бірінші топтың бас жүлдесін «Алматы» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің шығарушы редакторы Үмбетәлі Меймеш алды. Екінші орынды «Жамбыл» телеарнасының қызметкері Серік Тәжібаев иеленсе, Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы Берік Жұмабайұлына үшінші орын берілді.

Ардагерлер арасында телевизияның көрнекті өкілі Нұртілеу Иманғалиұлы бас жүлдені иеленді. Екінші орын профессор Аязби Бейсенқұлға, үшінші орын Жазушылар одағының басқарма хатшысы Ғалым Қалибекұлына бұйырды.

Жеңімпаздарға  150 мың теңге мен арнайы кубок табысталса, жүлдегерлер 100 мың теңге мен 50 мың теңгеден еншіледі.

ДереккөзEgemen.kz