Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмекті санау жүйесін өзгертетін заң жобасы жайлы айтты.
Атаулы әлеуметтік көмек қиын жағдайға тап болып, одан өзі шыға алмаған адамдарға берілуі керек. Атаулы әлеуметтік көмекті тоқсан сайын тағайындап, сәйкесінше, үш айға шартты және шартсыз көмек белгілеуді ұсынамыз. Бұл атаулы көмек алушылардың табыстарын жасырып қалу мүмкіндігін болдырмайды, — деді Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азаюы мүмкін. Егер атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалып тұрса, төлем көлемі артуы мүмкін.
Атаулы әлеуметтік көмектің көлемі отбасының барлық мүшесі үшін кедейлік шегі мен орта есеппен жан басына шаққандағы табыс арасындағы айырмашылық арқылы анықталады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартса, оның отбасының барлық мүшесі атаулы әлеуметтік көмектен қағылады. Баласына қарап отырған аналарға олар үш жасқа келген соң еңбекке белсенді араласу ұсынылады, — деді министр.
Жаңа заңнамада Біржан Нұрымбетов учаске комиссияларының қызметін арттыруды ұсынды.
Атаулы әлеуметтік көмек алатындар зәулім үйлерде тұрып, бірнеше автокөлік тізгіндеп, үлкен көлемдегі жер учаскелеріне қожайын болған мысалдар бар. Бұл жағдайларға учаске комиссиялары жауапты. Сондықтан заң жобасында учаске комиссияларының көмекке мұқтаждықты анықтау белгілерін тағайындау үшін орталық атқарушы органның құзыретін қайта қарауды ұсынамыз, — деді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек 113 мың отбасыға тағайындалған. Бұл — 2,3 миллион адам. Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың жартысы — көпбалалы отбасылардың мүшесі.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде 73 мыңнан аса отбасы табыстарын жасырған. АӘК-тің заңсыз тағайындалған жайттары анықталды. Заң жобасында жергілікті атқарушы органдармен барлық жайт қарастырылған, — деді министр.