ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қытайда тұтқындалған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты пікірін айтты.
Президент Қытайға барғанда, істі барынша әділ қарау туралы ең жоғарғы деңгейде өтініш білдірді. Бірақ өздеріңіз білесіздер, сот процесі әлі жүріп жатыр. Сол себепті күтеміз. Сот процесінен кейін бәлкім, оны экстрадациялау кезеңіне өтетін шығармыз, — деді Мұхтар Тілеуберді Nur Otan партиясындағы қабылдауда тілшілерге берген сұхбатында.
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурыз айында Гуанжоу әуежайында ұсталған болатын. 2015 жылдың маусымында сот Қазақстан азаматын өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда 2016 жылдың мамыр айында үкімнің күші жойылып, іс жаңа сот талқылауына жіберілді.
Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Президент кеңесшісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл хат туралы білетінін және мәселені қарастыратынын мәлімдеді.