Қасым-Жомарт Тоқаев «Валдай» халықаралық пікірталас клубының отырысына қатысады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің шақыруымен 3 қазанда Сочи қаласында өтетін «Валдай» халықаралық пікірталас клубының ХVI отырысына қатысады.
Пікірталаста қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайға Шығыстың ықпалы, Еуразия кеңістігіндегі саяси және экономикалық өзара іс-қимылдардың перспективалары, Таяу Шығыс мәселелері қаралатын болады. Пленарлық сессияларда Қазақстан мен Ресей басшыларынан басқа Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Иордания Королі ІІ Абдалла және Филиппин Президенті Родриго Дутертенің сөз сөйлеуі жоспарланған. Биыл «Валдай» халықаралық пікірталас клубының жұмысына 37 елден, 140-тан астам сарапшы қатысады.