Басты бетЭкономикаЖоғары Еуразия...

Жоғары Еуразия экономика кеңесінде 20 құжат қабылданды

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңестің кеңейтілген отырысына Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Еуразия экономика комиссиясы алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Шараға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы-мемлекет басшысы ретінде Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, құрметті қонақтар — Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани және Сингапур Республикасының премьер-министрі Ли Сянь Лун қатысып отырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев армян тарапына жылы қабылдауына және отырысқа жоғары деңгейде дайындалғаны үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың әлемдік сауда-саттықты дамытудың аса маңызды бөлігіне айналғанына сенімді екенін айтты. Қазақстан Президенті нарықтың жылдам өзгеріп жатқан конъюктурасы, державалар арасындағы бәсекелестіктің артуы, сауда соғысы, протекционизмнің өсуі әлем экономикасының тұрақсыздығына соқтыруы мүмкін деп атап өтті.

Ғаламдық күрделі жағдайда мемлекеттеріміздің экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз ету аса маңызды. Бұған шынайы әрі өзара ынтымақтастық, интеграция мен кооперацияның арқасында ғана қол жеткізуге болады. Біздің елдеріміз ортақ ішкі нарықтағы кедергілерді жоюды жалғастыра беруі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда жасаудағы кедергілерді жою жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды.

Комиссия ұлттық заңнамаларға мониторинг тетіктерін күшейте алады және солай істеуге тиіс деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қолданыстағы құқықтарды түсіндіру мен ақпараттандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу қажет, — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық одақ аясындағы көлік-логистика ынтымақтастығының оң нәтижелерін айта келе, Еуразиялық экономикалық комиссияға және ел үкіметтеріне ЕАЭО-ның біртұтас транзит жүйесін дайындауды жеделдетуді, озық технологияларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды ұсынды.

Қытай — Еуропа — Қытай бағытындағы транзит операциялары мен экспорт-импорттың көлемі тұрақты артып келе жатқанын байқауға болады. Вьетнам — Қытай — Еуропа бағыты бойынша іске қосылған трансконтиненталді теміржол желісі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығына кіретін мемлекеттердің нарығына біздің елдердің өнімдерін шығарудың логистика мәселесін шешеді. Бұл көлік дәлізі — теңіз тасымалына жақсы балама және Оңтүстік-Шығыс Азиядан Еуропаға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы қысқа мерзімде жүк жеткізуге мүмкіндік береді, — деді Мемлекет басшысы.

Жоғары Еуразия экономика кеңесі отырысының күн тәртібіндегі басты мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер мен Сингапур Республикасының арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою болды. Бұл келісім ЕАЭО елдері үшін 600 миллион халқы бар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығына мүше-мемлекеттердің алып нарығына жол ашады. Осыған байланысты, Қазақстан Президенті кеңейіп жатқан жаңа нарықтар мен сауда-экономика байланысын дамытып, осы бағыттағы келіссөздердің жоғары деңгейін сақтап қалу маңызды екенін айтты.

Еуразиялық экономикалық одақ болашақта Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы және басқа да ірі халықаралық ұйымдармен байланыстарды арттыруға басымдық беруі керек. Бүгін Жоғары кеңестің барысында Сингапур Республикасымен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды. Осымен ЕАЭО осы бағытта Вьетнамды қоса айтқанда екінші елмен келісім жасады. Иран Ислам Республикасымен сауда-экономика және логистика ынтымақтастығын дамыту — маңызды мәселе, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жоғары Еуразиялық экономикалық отырысының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисянды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Ереванда өткен Жоғары Еуразия экономика кеңесінің қорытындысы бойынша 20 құжат қабылданды.

Шешім:

1. Еуразиялық экономикалық форумы туралы;

2. Еуразия экономика комиссиясы алқасының төрағасы туралы;

3. Еуразия экономика комиссиясы алқасының жеке құрамы мен мүшелерінің арасындағы міндеттерді бөлу туралы;

4. ЕАЭО сотына шаруашылық субъектілер шағымданған жағдайда төлейтін алым көлемін бекіту туралы;

5.  2014 жылғы 10 қазандағы №79 ЖЕЭК шешіміне өзгерістер енгізу туралы;

6. ЕАЭО-ның 2018 жылғы бюджетінің орындалуы жөніндегі есеп туралы;

7. ЕАЭО-ның 2020 жылғы бюджеті туралы;

8.  ЕАЭО-ның 2020 жылғы халықаралық қызметінің негізгі бағыттары туралы;

9. ЕАЭО-ның жалпы қаржылық нарығын құру Тұжырымдамасы туралы;

10. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ЕАЭО бюджетіне жарналық қарыздарын өтеу Тәртібін бекіту туралы;

11. ЕЭК алқасына мүшелік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы; 12. ЕЭК алқасына мүше тағайындау туралы;

13. ЕЭК жұмыс регламентінің №1 қосымшасына өзгеріс енгізу туралы;

14. ЕАЭО-ның агроөнеркәсіптік саясаты жөніндегі Кеңесі туралы ережесіне өзгеріс енгізу туралы.

Өкім:

1.  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында кедендік алымдар сомасын бөлу нормативтеріне байланысты мәселелер туралы;

2. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында газ тасымалдау және жеткізу саласындағы мүше-мемлекеттердің заңнамаларын үйлестіру туралы;

3. ЖЕЭК-тің кезекті отырысын өткізу орны мен уақыты туралы.

Актілер:

  1. 2014 жылдың 29 мамырындағы ЕАЭО туралы Келісімнің кедендік алымдар сомасын бөлудің жаңа нормативтерін бекіту бөліміне өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол  қою туралы;
  2. 2014 жылдың 29 мамырындағы ЕАЭО туралы Келісімнің аванстық төлемдерді қаржылай (ақша) төлеу мүмкіндіктерін тану бөліміне өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қою туралы;
  3. 2014 жылдың 29 мамырындағы ЕАЭО туралы Келісімнің техникалық, кедендік, көліктік реттеу, санитарлық, фитосанитариялық шаралар, ақпараттық өзара іс-қимыл, макроэкономика, бәсекелестік және энергетика бөліміне өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қою туралы.