“100 жаңа есім” жобасының үшінші кезеңіне өтінім қабылдау басталады

1 қазан күні 100janaesim.ruh.kz сайтында "Қазақстанның 2019 жылғы 100 жаңа есімі: жас қазақстандықтардың табыс тарихы" жобасына өтінім қабылдау басталады.

100 жаңа есім
Иллюстрация ашық дереккөзден

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасына өткен жылдардағы ең белсенді жеңімпаздардан құралған “Бюро 100” командасы қолдау білдіріп жатыр. Олар байқауға лайық үміткерлерді іздестіру үшін Қазақстанның барлық аймағына баруды жоспарлап отыр. Команда әлеуметтік желілерден жоба қатысушыларын іздеудің барлық кезеңін көрсетеді.

Үлкен жобаны бастағалы жатырмыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, осыдан екі жыл бұрын Елбасы “Рухани Жаңғыру” атты бағдарламасына бастамашылық етті. Соның аясында “100 жаңа есім” жобасының үшінші кезеңін бастамақпыз. Бұл жоба қоғамның дамуына үлкен ықпалын тиігізіп келеді. Сондықтан оны жалғастыруға бел будық, – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Ведомство басшысы “100 жаңа есім” жобасы тәуелсіздік жылдарында елімізге оң ықпалын тигізген азаматтарды насихаттау, олардың еңбек тәжірибесін таныстыру мақсатында ұйымдастырылғанын еске салды.

Екі жылдың ішінде жобаға бес мыңға жуық адам қатысты. Бұл тұрғыда жоба аясында екі миллионға жуық қазақстандық дауыс берді, – деді Дәурен Абаев.

Жоба 2019 жыл – Жастар жылына арналады. Оған 39 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Осы орайда ғылым, қоғам, медицина, бизнес, мәдениет және спорт саласындағы нақты жетістікке жеткендердің өтінімдері қаралады. “Рухани Жаңғыру” Қазақстандық қоғамдық даму институты” коммерциялық емес АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, қатысушылар 100janaesim.ruh.kz сайтында сауалнаманы толтыруы қажет.

Қатысушы сенімді әрі нақты ақпарат беруге міндеттеледі. Барлық өтінім модерациядан өтіп, кейін сайтта жарияланып, желіде дауыс беруге рұқсат алады. Сонымен қатар белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, спорт және бизнес өкілдерінен тұратын қазылар алқасының қарауына ұсынылады.

Жобаға өтінімдерді қабылдау 1 қазаннан бастап 20 қазанға дейін жалғасады, – деді Кемелбек Ойшыбаев.

Жобаның ресми сайтында қалаған үміткерге дауыс беру үшін онлайн тіркеп, электрон пошта көрсетілуі керек. Нәтижесі 2019 жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін жиында жарияланады.