Басты бетҚоғамӘуезов ауданының...

Әуезов ауданының тұрғындары көтерген мәселе қалай шешіліп жатыр?

Сайран Сайфеденов кездесуде көтерілген мәселелердің шешіліп жатқанын айтты.  Достық пен Алтын бесік ықшамаудандарында инженерлік желілерді салған кезде бұзылған жолдарды мердігер ұйымдар қалпына келтірген.

Тұрғындардың шағымы бойынша Ақсай-1 ықшамауданындағы №11-ші Б ғимараты алдына жүргізілген апатты жұмыстардан соң жолға асфальт төселді. Алтын бесік ықшамауданынан Райымбек даңғылына дейін тротуар салынып, жарық желілері тартылды. Жол бойындағы көліктің жылдамдығын бәсеңдету үшін Ақсай-4 ықшамауданындағы №8-ші үйдің, Таугүл ықшамауданындағы №72-ші мектептің, Өтеген батыр көшесі бойындағы №114-ші, №112-ші үйлердің жанына жасанды тегіс емес қондырғылар орнатылды, — деді Сайран Сайфеденов.

Аудан басшысының айтуынша, Ахмет Яссауи мен Владимир Серегин көшесінің қиылысындағы аялдамалардың алшақ орналасуына байланысты «Өтініш бойынша тоқтаудың» 5.12 белгісі қойылған.

Кездесуде әлеуметтік көмек көрсету мәселесі көтерілген болатын. Аудан әкімі Достық ықшамауданының тұрғынына есту аппаратын алуға көмек көрсетілгенін айтты. №54-ші коррекциялық балабақшаға орналасу үшін балаға жолдама берілді. Сал ауруына шалдыққан бала тегін дәрі-дәрмек алды, — деді Әуезов ауданының әкімі.

Сайран Сайфеденовтің айтуынша, Ораз Жандосов көшесі бойындағы №184-ші А үйінің тұрғындарының шағымы негізінде пәтерін қоқысқа толтырған бір тұрғынның үйіне дезинфекция жүргізілген. Қоқыс шығарылып, үй иесі Алматының психикалық денсаулық орталығына орналастырылды.