Алматыдағы Наурызбай ауданында жаңа саябақ ашылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында берген тапсырмаларының аясында Алматы қаласындағы Наурызбай ауданында жаңа саябақ ашылды. Онда тұрғындардың көңілін көтеруге арналған қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды. Шаралар таң атқаннан кеш қарайғанға дейін созылды.

Саябақтың ашылу салтанатында «Әліби» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жанболат Тілеубаев алматылықтарды құттықтап, тұрғындардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауда саябақтың атқарар рөлі орасан зор екенін алға тартты.

«Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» жобасында «Туған жер» бағдарламасының аясында Отанымызды көркейтіп, қазақстандықтардың жағдайын жақсарту үшін көптеген жұмыстарды атқару керек екенін атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысы мақаласында: «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексiз зерденiң ғана емес, ғажайып сезiмнiң иесi. Туған жер – әркiмнiң шыр етiп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиеттi мекенi, талай жанның өмiр-бақи тұратын өлкесi. Оны қайда жүрсе де жүрегiнiң түбiнде әлдилеп өтпейтiн жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениетi мен салт-дәстүрлерiне айрықша iңкәрлiкпен атсалысу – шынайы патриотизмнiң маңызды көрiнiстерiнiң бiрi. Бұл кез келген халықты әншейiн бiрiге салған қауым емес, шын мәнiндегi ұлт ететiн мәдени-генетикалық кодының негiзi. Бiздiң бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгiрген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бiздi қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннiң қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас еттi»,-деп жазды. Бүгін біз Елбасының осы бір «Болашаққа бағдар: Рухни жаңғыру» мақаласында атап өтілген «Туған жер» жобасын іске асыруға өзіміздің үлесімізді қостық. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасын қолдауға сіздерді де шақырамыз! Үлкен мегаполисте отбасылық демалыс өткізуге арналған орындардың керек екенін ескере келе, қаладағы бос жатқан жерлерді адамдардың қарым-қатынас жасайтын, шығармашылықпен айналысатын, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын насихаттау алаңына айналдыруды өз жауапкершілігімізге алдық. «Alibi City Park» — инфрақұрылымның жаңа нысаны. Онда ашық аспан астындағы спорт кешені бар. Бұл саябақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыстарын өткізуге жайлы орындардың біріне айналады деп сенемін»,-деді «Әліби» ЖШС басшысы.

Жанболат Тілеубаев жобаға қолдау таныстқандары үшін қала әкімшілігіне алғысын білдірді.

Саябақ
©Tengrinews.kz

Салтанатты шара барысында көрермендер «тірі мүсіндер» мен акробаттардың өнерін тамашалады. Шара бағдарламасы келген барлық адамның және олардың отбасыларының қызығушылығына сай ойластырылған. Саябақ маңайында баскетбол және футбол алаңдары, скейт жолағы, әткеншектер мен батуттар орналастырылған. Одан өзге жүгіруге және велосипедшілерге арналған жеке жолақтар да бар.

Саябақ
©zakon.kz

«Бұл саябақ спортшыларға ғана емес, қарапайым адамдарға да арналып жасалынған. Мұнда скейт, балалар, баскетбол алаңдары бар. Саябақтың ішінде балаларыңызды ертіп, жай ғана серуендеп қайтуға да болады. Барлық жағдай адамдар үшін жасалды. Себебі қазіргі кезде адамадардың демалуына жайлы орындар қаламызда некен-саяқ»,-деді спортшы әрі теледжүргізуші Юрий Пипичев.

Ашылу салтанатында футбол мен стритболдан әуесқой командалардың арасында жарыс өтті. Сонымен бірге Street Workout түрінен кәсіби жарыс ұйымдастырылды.

Саябақ
©zakon.kz

«Скейтерлер де шарадан тыс қалған жоқ. Келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетті. Аниматорлар мен цирк тобы да олардан қалыс қалған жоқ. Көрермендерге сыйлықтар ойнатылды»,-деді Юрий Пипичев.

Қала тұрғыны Айжан Қалиеваның айтуынша, Alibi City Park саябағы ашылғанда отбасымен бірге таң қалған.

«Енді балаларымызбен осында қыдыруға келіп тұрамыз. Жақында ұлымызға велосипед сатып алдық. Оны теуіп, көшеге шығып кеткенде қорқатынмын. Ал мұнда тек отбасылы жанжар ғана тұрады. Осындай саябақтар біздің үйдің де жанынан ашылса екен»,-деді Айжан Қалиева.

Саябақтың ашылу салтанаты отшашумен аяқталды.

Саябақ
©zakon.kz

Саябақ аумағы 4,3 гектарды алып жатыр. Оның үш гектарында әр түрлі 850 түп ағаш отырғызылған. Саябақ орталығында балалар ойынына, баскетбол, футбол, шахматқа арналған алаңдар бар. Одан басқа скейтборд тебетін орын, жүгіру жолағы, сахна, субұрқақ бар. Жасыл желекті демалыс орнының жанында 100 көлікке арналған автотұрақ салынған. Саябаққа кіру тегін. Alibi City Park жеке компанияның қаражатына салынған.

Саябақ
©Tengrinews.kz

Естеріңізге сала кетейік, 11 шілде күні осы Наурызбай ауданында №36 жаңа емхана ашылған еді. Ашылу рәсіміне қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты. «Завод Электрокабель» ЖШС компаниясы салған емханада алғашқы медициналық-санитарлық көмек, колоректальді обыр мен асқазан ауруларының белгілерін анықтайтын скринингтік зерттеулер жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, рентген диагностикасы, офтальмология, оториноларингология кабинеттері бар.

Емханаға күз айларында қозғалысы қиын жандар үшін сауықтыру кабинеті жұмыс істейді. Аталған жаңа мекемеде Наурызбай ауданының тұрғындары үшін электронді тіркеу, Call-орталық пен жедел медициналық бригада қызмет көрсетеді.

Осы ауданда жаңадан екі метро станция салынады. Бұл туралы «Метропроект» ЖШС жобаларының бас инженері Павел Московчук айтты. “Қалқаман” метро станциясы Әшімов – Елібаев – Байзақ батыр көшелерінің арасында салынады. Екінші станция Райымбек – Әшімов көшелерінің солтүстік қиылысында орналасады. Ол “Западный” автовокзалы” деп аталып, метрополитеннің бірінші желісінің соңғы станциясы болады.

Сонымен метрополитеннің бірінші желісінде барлығы 13 станция болады. Олардың ұзындығы 18,3 шақырымға созылады. Алдын ала болжам бойынша, жаңа станцияларды қосу арқылы тәулігіне 100-110 мың адамды тасымалдауға болады.

Аталған ауданда тілге тиек етіп айтарлықтай шаралар қарқынды атқарылып жатыр. Аудандағы су құбырлары да алмастырылады. Үш жыл бойы салынған су құбырларының жұмысына Үкіметтен 7 млрд.теңге бөлінген.

«Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының аясында аталған ауданда 3 жылда 120-дан астам шақырым су, 80 шақырым кәріз құбырлары жүргізілген.

Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденовтің айтуынша, абоненттік бөлім арқылы аудан тұрғындары мекемелермен келісім шартқа отыруы тиіс.

«Қазіргі таңда абоненттік бөлім ашылды. Әрбір тұрғындар келіп өздерінің арыздарын жазып, қазірден бастап, болашақта су құбырына қосылу және кәріз құбырларына қосылу үшін белгілі мекемелермен келісім-шартқа отыру керек»,- деді Сайран Сайфеденов.

Қазіргі кезде Наурызбай ауданында 1200 оқушыға арналған мектеп, аудандық Ішкі істер басқармасының ғимараты, қалалық әкімшілік, ХҚКО, АХАЖ, прокуратура, сот және өзге де қызметкерлерге арналған ғимараттардың кешені салынды. Оны Елбасы Алматы қаласындағы жұмыс сапары барысында аралап көрді.

Қазақстан Президенті Алматының жаңа ауданын салған кезде пайдаланылған материалдардың 95 пайызы елімізде жасалғанын атап өтті.

«Жаңа әкімшілік орталық ашылғалы мемлекеттік қызметтердің барлығы бір жерден көрсетіледі. Жуық арада мұнда жаңа спорт және мәдениет нысандары пайда болады, тұрғын үй мен балабақшалар салынуда», – деді аудан әкімі.

Соңында Мемлекет басшысы ауданның Ардагерлер кеңесі мүшелерімен әңгімелесті.

«Алматы қаласы тұрғындары санының артуы сәйкесінше оның аумағын да ұлғайтуды қажет етеді. Үш жыл бұрын жаңа Наурызбай ауданын құру жөнінде шешім қабылданды. Осы уақыт ішінде тиісті инфрақұрылым жасау жолында көп жұмыс атқарылды. Қала орталығымен ыңғайлы әрі жылдам қатынас орнату үшін көлік мәселесіне қатысты қажетті шешімдер де қабылданатын болады», – деді Елбасы.

Ардагерлер кеңесінің мүшелері аудан жұртшылығының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа аудан құрылғаннан бергі үш жылда оң өзгерістер болып жатқанына орай алғыс білдірді.