Ерлан Әукенов Eңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне келді

ҚР Үкіметінің қаулысымен Ерлан Әукенов Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін аталған лауазымды атқарған Светлана Жақыпова берген өтінішіне сәйкес өз қалауы бойынша қызметінен босатылды.

Ерлан Әукенов 1984 жылы 5 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Бредфорд университетін, Халықаралық бизнес академиясын, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін тәмамдаған.

Түрлі жылда ҚР Білім және ғылым министрлігінде, «XXI ғасыр көшбасшысы» жастар орталығы» РҚБ, «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ, «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингi» АҚ еңбек еткен.

2010-2011 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты басшысының орынбасары; 2011-2014 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы; 2014-2015 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.  2015-2019 жылдары Алматы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды, әлеуметтік әл-ауқат мәселесі бойынша жетекшілік еткен.