AB-Initio бағдарламасына кімдер өтініш бере алады?
AB-Initio бағдарламасына 18 бен 34 жас аралығындағы ағылшын тілін еркін меңгерген, математика-физикадан хабары бар, денсаулығы жақсы кез келген адам өтініш бере алады. Бағдарлама бойынша болашақ ұшқыштар әлемнің үш оқу орнының бірінде оқиды. Оқуды аяқтағаннан кейін маманға лицензия беріледі және Air Astana-дан қосымша дайындықтан өтеді. Әрі қарай ол екінші ұшқыш ретінде компанияда жұмыс істейді.
Әлемде, тіпті, Қазақстанда ұшқыштар тапшы. Мұны ұшақпен жол қатынайтындардың көбеюімен түсіндіруге болады. Сол себепті Air Astana әуе компаниясы алғаш рет 2008 жылы AB-Initio бағдарламасымен кадеттерді АҚШ-қа оқуға жіберді. Бүгінге дейін 215 ұшқыш шетелде оқып келді. Алғаш АҚШ-та оқығандардың алтауы қазір компанияда командир болып жұмыс істейді. Қазір осы бағдарламамен 31 кадет білім алып жатыр. Компания үміткерлерді іріктеуде шектеу қоймайды. Қанша адам іріктеуден өтеді — сонша адам шетелге жіберіледі.
Іріктеу қалай өтеді? Үміткер нені білуі керек?
Үміткер құжат тапсырғаннан кейін ағылшын тілінен, SHL және COMPASS тестілерін тапсырады. Соңғы екеуі — ұшқыштардың қабілетін анықтайтын тест. Тестіден қажет балды жинағандар қорытынды кезеңге өтеді. Қорытынды кезең екі бөлімнен тұрады. Біріншісінде үміткердің симуляторда жұмыс істей алу қабілеті сыналады. Екінші күні топпен жұмыс істей алу қабілеті сынға түседі, әңгімелесу жүргізіледі. Осыдан соң үміткердің өту-өтпеуі шешіледі. Барлық кезеңнен өткен адам шетелде оқуға мүмкіндік алады. Air Astana болашақ ұшқыштарды Ирландияға, Испанияға және Финляндияға оқуға жібере алады. Үміткер осы елдердің бірінде бір жылдан аса уақыт оқиды. Қазақстанға келген соң Air Astana компаниясында екінші дәрежелі ұшқыш болып қызметін бастайды.
Азаматтық авиация академиясынан AB-Initio бағдарламасының айырмашылығы неде?
Ab-Initio бағдарламасын қолға алудағы мақсат – жұмыспен қамту. Air Astana осы бағдарламаға тапсырғандардың шығынын: ұшақ билеттері, виза рәсімдеу, оқу ақысы, тұратын үй, тамағы – бәрін төлейді.
Air Astana-ға оқу ақысын қайтару керек пе?
Иә, компания мен үміткер келісімшарт жасайды. Келісім бойынша оқып келген маман Air Astana әуе компаниясында 15 жыл жұмыс істейді және оқуға кеткен қаржының 75%-ін ақшалай өтейді. Үміткерге жұмсалған шығын теңгемен есептеледі және процент қосылмайды. Қалған 25% ұшқыштың жұмыс істеуімен өтеледі. Егер маман компанияда 15 жыл жұмыс істесе, оған өзі өтеген соманың 25%-і қайтарылады. Сонда ұшқыш өзіне жұмсалған қаржының жартысын ғана ақшалай өтейді. Егер ұшқыш 15 жыл жұмыс істегісі келмесе, жұмыстан шығар кезде жұмсалған қаржының 75%-ін толық өтейді.