Бас Прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібінде үндеу жариялады.

Әлеуметтік желілерде тыйым салынған және сотпен экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымымен 2019 жылғы 21 қыркүйекте заңсыз наразылық акцияларын өткізуге және оған қатысуға шақыру таратылып жатыр. Деструктив күштер әлеуметтік қолдау шаралары, мемлекетаралық қатынастар туралы жалған ақпарат тарата отырып, халықты адастырып тәртіпсіздіктерді, әлеуметтік және ұлттық араздықты тудыру арқылы қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салынған, сондықтан құқық қорғау органдары заң бұзушыларға заңмен белгіленген тәртіпте ден қойып, қатаң шаралар қолданады, — деді Берік асылов.

Ол заңсыз әрекеттерге жол бермеу, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдары қатаң жаза тағайындайтынын айтты.

Бас прокуратура мұндай жағдайда Қылмыстық кодексте төмендегідей жауапкершілікке тарту қарастырылғанын ескертті:

  • 174-бапта әлеуметтік, ұлттық, діни араздықты қоздырғаны үшін, оларды насихаттайтын материалдарды дайындағаны, таратқаны үшін (егер олар ауыр зардаптарға әкеп соқса, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру мүмкін);
  • 400-бапта азаматтардың, ұйымдардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіргені үшін (200 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 50 күнге дейін қамауға алу);
  • Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабында бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған (ауырлататын жағдайларда — 50 АЕК айыппұл, 15 күнге дейін қамауға алу қаралған).

Бас прокуратура экстремистік ұйымның қызметіне қатысу және қаржыландыру Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405-баптарына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтыратынын да түсіндірді:

  • 405-бапта экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін (екі жылға дейін бас бостандығынан айыру);
  • 158-бапта экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның қызметіне қатысу үшін (мүлкін тәркілеу мен 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру);
  • 258-бапта террористік немесе экстремистік әрекетке дем берушілік және терроризм мен экстремизмнің басқа да жолдарын қаржыландыру үшін (мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін).

Мұндағы жиынға қатысу — тек заңсыз әрекеттерді ұйымдастыру және жүргізу емес, тыйым салынған ұйым идеяларын үгіттеу, насихаттау, жариялау, буклеттер, постар, пікірлер және басқа да ақпараттық материалдарды даярлау, шығару және тарату. Қаржыландыру — ақшаны немесе басқа мүлікті беру, жинау, сыйлық жасау, ауыстыру, демеушілік, қайырымдылық көмек, ақпарат және басқа да қызметтер көрсету.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес экстремистік топтың қызметіне қатысуды ерікті түрде тоқтататын адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, Бас прокуратура азаматтарды заңдарды қатаң сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және елімізде тыйым салынған ұйымдардың заңсыз әрекеті мен қызметіне қатыспауға шақырады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!