Кассалық-бақылау машинасын қолданудың артықшылығы неде?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдан бастап микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табыс салығынан үш жыл мерзімге босатуды тапсырды.

Бұл ретте онлайн кассалық-бақылау машиналары жүйесі қызметінің маңызы зор. Нақтырақ айтқанда, онлайн-касса арқылы шығарылған фискаль чек мәліметтері Мемлекеттік кіріс органдарының деректер базасына бірден жіберіліп отырады. Одан кейін ақпарат салық декларациясымен салыстырылып, бағаланады.

Бүгінде республика бойынша тіркелген кассалардың 80%-і мәліметтерді онлайн жеткізеді. Қазір тіркеу айтарлықтай жеңілдеді. Енді бұл процесс автоматты түрде жүзеге асып, бір тәуліктен артық уақыт алмайды. Ал бұрын бұған үш тәулік уақыт жұмсалатын.

Қазақстан кәсіпкерлері жұмысында кассалық-бақылау машиналарын жиі пайдаланады. Сол арқылы салық қызметкерлері 90-жылдардан бері олардың табысын бақылап отырады. Алайда «көлеңкедегі» кәсіпкерліктің де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Олар онлайн-касса орнатпай жұмыстарын жалғастырып келеді.

Сондықтан алаяқтық жасайтын сатушыларды анықтау үшін чек талап ету аса маңызды. Онлайн-КБМ орнатпайтын кәсіпкерлерге негізінен базардағы саудагерлер, патентшілер жатады. Мемлекет осы мәселенің алдын алып, адал кәсіп жүргізу мақсатында кәсіпкерлерді ынталандыру жобаларын әзірледі. Бұл ретте тұтынушылардың да мүддесі назардан тыс қалмады. Өйткені сатып алушыларды чек талап етуіге ынталандырудың маңызы зор. Ол үшін мемлекет пен бизнес өкілдерінен материалдық бонустар алуға мүмкіндік беру керек.

Осы мақсатта Мемлекеттік кірістер комитеті бірнеше жыл қатарынан «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал» атты республикалық акция өткізіп келеді. Биыл мұндай шара фискал деректер операторымен бірлесіп ұйымдастырылды. Онда арнайы қосымшада 100 күн ішінде тіркелген чектер бойынша 100 смартфон ойнатылды. Жақында екінші акция басталды. Оған қатысушылар жыл соңында автокөлік ұтып алуға мүмкіндік алады.