Alibaba Group компаниясының негізін қалаушысымен кездесуде әлем экономикасындағы заманауи және маңызды мәселелер, кәсіпкерлік пен электрон коммерцияны дамыту жағдайы сөз болды.
Мемлекет басшысы Джек Маны Қытай Халық Республикасының 70 жылдық мерекесімен және Alibaba Group компаниясының құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтап, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікте заманауи технология саласы маңызды роль атқаратынын айтты.
Мен сіздің «Қазақстанға қолдау көрсетемін» деген ниетіңізді жоғары бағалаймын. Біз Қазақстан мен Қытайдың арасындағы цифрлық экономиканы дамытуға қатысты стратегиялық келісім жасадық. Осы іске сіздің де атсалысқаныңызды қалаймыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлемдегі ең ауқатты адамдардың бірі Джек Ма Қазақстанда бірнеше рет болғанын, біздің елдің мәдениеті мен адамдары ерекше әсер қалдырғанын жеткізді. Ол өзінің тәжірибесін қазақстандықтармен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.
Alibaba Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Юн Мемлекет басшысына әлемдік интернет сауданың көшбасшысы саналатын ұжымның тарихы мен қызметі жайында, қалыптасқан дәстүрі туралы, болашақтағы жоспарлары мен электрон коммерциядағы жаңа трендтер туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары кезінде 10 құжатқа қол қойды. Бірлескен мәлімдеме бойынша Қазақстан мен Қытай ұзақмерзімді, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін көрсетеді.
Қытай Халық Республикасына екікүндік сапары кезінде Қазақстан Президенті Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқыды. Оның негізгі бөлігі қазіргі халықаралық қатынастарға талдау жасауға арналды.
Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысып, екіжақты ынтымақтастық мәселесін қозғады. Қытай инвесторларын серіктес болуға шақырды.