Сапарымның қорытындысына қанағаттануға толық негіз бар — Қасым-Жомарт Тоқаев

Кездесуде Қазақстан мен Қытайдың парламентаралық ынтымақтастығы жайы талқыланды. Екі тарап та бұл қарым-қатынастың жұмысын оң бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Чжаньшуды ҚХР-дың 70 жылдық мерекесімен құттықтап, Қытайға мемлекеттік сапары кезінде жасалған өзара тиімді уағдаластықтар жөнінде айтты.

Кешегі келіссөздер сәтті өтті. Қытай — Қазақстанның үлкен көршісі. Сондықтан біз екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастығымызды ескере отырып, Төраға Си Цзиньпинмен Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Онда біздің әріптестігіміз стратегиялық және ұзақмерзімді мәнге ие екені көрсетілген. Бұл сапарымның қорытындыларына қанағаттануға барлық негіз бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі елдің парламентаралық қарым-қатынасын одан әрі нығайту перспективалары туралы айта келіп, осы жылдың қыркүйегінде Нұр-Сұлтанда өтетін Еуразия парламенттері спикерлері IV кеңесінің маңыздылығын да атап өтті.

Сіздің Қазақстанға үш рет келгеніңізді білемін. Жақын арада сіз Қазақстанға қайта барасыз. Бірақ бұл сапарыңыз Бүкілқытай халық өкілдері жиыны тұрақты комитетінің төрағасы ретінде болған соң оның жөні де бөлек. Біз сіздің сапарыңызды зор ықыласпен күтеміз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ли Чжаньшу Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, оның Си Цзиньпинмен келіссөздерінің нәтижелі өткеніне тоқталды.

Кеше Сіз бен Төраға Си Цзиньпиннің арасында сенімді әрі жемісті келіссөздер болды. Кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасулар өтті. Соның нәтижесінде Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Онда екі көшбасшы да тараптар стратегиялық әріптестікті дамытады деп мәлімдеді. Осылайша сіздің Қытайға сапарыңыз үлкен жетістікпен аяқталды. Ал Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы жаңа тарихи кезеңге өтті,– деді Ли Чжаньшу.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин 10 құжатқа қол қойды. Бірлескен мәлімдеме бойынша Қазақстан мен Қытай ұзақмерзімді, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін көрсетеді.

Қытай Халық Республикасына екікүндік сапары кезінде Қазақстан Президенті Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқыды. Оның негізгі бөлігі қазіргі халықаралық қатынастарға талдау жасауға арналды.

Мемлекет басшысы  Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысып, екіжақты ынтымақтастық мәселесін қозғады. Қытай инвесторларын серіктес болуға шақырды.