Niet тележобасы арқылы көмек алған сәби шетелде ем алуға аттанды

9 қыркүйек күні Qazaqstan Ұлттық телеарнасында Niet әлеуметтік жобасының тұсауы кесілді. Ол жұмыс күндері 12:00-ден бастап екі сағат бойы тікелей эфирде көрсетіледі. Жобада көмекке зәру жандардың мәселесі көтеріледі. Бағдарлама ұжымы әр кейіпкерге психологиялық көмек, түрлі мәселе бойынша нақты қолдау ұсынады.

Бағдарламаның алғашқы шығарылымында ауыр дертке шалдыққан бір жасар Әмір Берғанның оқиғасы көтерілді. Соның нәтижесінде жомарт жандардың бірі 1 миллион теңге аударып, Әмір анасымен Түркия еліне аттанды. Тікелей эфир кезінде тағы бір көрермен қоңырау шалып, бүлдіршіннің еміне қажет қаржыны беруге дайын екенін жеткізді.

Бұған қоса, студияға келген өзге де бірнеше кейіпкердің арманы орындалды. Жобаның 10 қыркүйек күнгі шығарылымында көпбалалы отбасыға пәтер кілті табысталады.

Niet жобасы мұқтаж жандар мен қолы ашық қалың бұқараның арасында көпір болуды мақсат еткен. Мұң-мұқтажын айтып келген жандарға әр хабарда көмек көрсету жоспарланған. Бұған тікелей эфирге хабарласу арқылы қолұшын созуға ниетті әр адам атсалыса алады.

Көмекке зәру жандардың өтініш-тілектері +7 776 535 0751, +7 701 555 0751 нөмірлері бойынша кез келген уақытта қабылданады. Хабар барысында сауал жолдап, пікір білдіру үшін 8 (717) 2 75 71 71, +7 701 5550751 (Whatsapр) байланыс телефондары жұмыс істейді.