Қандала — дене тұрқы 3 миллиметр болатын қансорғыш. Өз көлемінен екі есе көп қан соратындықтан 6-7 миллиметрге дейін үлкейе алады. Қандаланың 40 мыңнан аса түрі бар. Қазақстанда 32 тұқымдасы, 370 туысы, 1500 түрі кездеседі. Табиғат қандалалары да болады. Қандала тістемейтін, тұмсығымен шаншып-соратын жәндік. Үй қандаласы тек адамның қанымен қоректенеді. Сондықтан адам бар жерде ғана жүреді. Қанаты болмайды.
Ұлттық сараптама орталығының ошақты дезинфекция бөлімінің басшысы, санитар дәрігер Бекболат Өтегеновтің айтуынша, қандала кез келген қараңғы, жылы жерге тығылады.
Қандала адам денесінің ашық жерлеріне жабысады. Әсіресе, түн ортасында белсенді болады. Аш болса, күндіз де «жорыққа» шығуы мүмкін. Біздің орталыққа жиһаз қандаласынан зиян көріп жүрген адамдар жиі қоңырау шалады. Үй қандаласы «төсек қандаласы», «диван қандаласы», «киім қандаласы» мен «ағаш қандаласы» болып бөлінеді. Қандалаға тек адам керек. Оған ең жайлы орта — жылы үй. Қандала ағаш жиһазы бар, температурасы бірқалыпты, қорегі табылатын үйде көбейеді. Ересегі бір жұмыртқалағанда 300-500 жұмыртқа шығарады. Олар 40 күн ішінде жетіліп үлгереді. Қолайсыз ортада бұл уақыт екі айға созылуы мүмкін, — дейді Бекболат Өтегенов.
Қандала қайдан пайда болады?
Қандала ескі үйде жиі кездеседі. Адам тұратын үй-жайларда ағаштан жасалған еден мен жиһазда тіршілік етеді. Ал бетоннан, монолиттен, кірпіштен салынған үйде тіршілік ете алмайды. Бірақ ағаштан жасалған жиһаздарда өмір сүретінін ескерген жөн.
Санитар дәрігер қандаланың кілем астында оңай қозғалатынын да айтты.
Қандала ұясын диванға, төсекке, еденкемер (плинтус) мен төсеніштердің астына салады. Денесі жалпақтау болған соң кілемнің астында оңай қозғалады. Кей адам үйінде ұшатын жәндікті көріп, біздің үйде қандала жүр деп қоңырау шалады. Ұшатын болса, ол қандала емес. Қандала тек жүреді. Аса жылдам қозғалатындардың қатарына да жатпайды, — дейді Бекболат Өтегенов.
Бұл жәндік диванның тігісінде, адамның киімінде жиі кездеседі. Бір үйден екінші үйге көбіне киімге жабысып барады. Қоғамдық көлік сияқты адам көп шоғырланатын жерлерде де тарауы мүмкін. Пәтер ауыстырарда жаңадан сатып алынған жиһаз, көрпе, төсек пен басқа да жұмсақ заттар арқылы тарайды. Өмір сүруіне жайлы пәтер болса, қыс пен жазға қарамай белсенді болады.
Үйді қандаладан қалай қорғауға болады?
Ең алдымен үй-жайдың санитар-гигиена талаптарын орындау қажет. Пәтерді кем дегенде аптасына бір рет шаңсорғышпен тазалап, ылғалдандырып отыру керек. Бекболат Өтегеновтің айтуынша, алдын ала дезинсекция жасап тұрған жөн.
Қонақүйлер мен ресторандар бізге жылына төрт рет дезинсекция жасатады. Ғимаратта ешқандай жәндік болмаса да, сақтанады. Пәтерде тұратын адамдар да осы әдетті қалыптастырғаны жөн. Бір пәтерден екіншісіне көшкенде жиһаздарды дезинсекциялап алу керек. Қандала бар деп күмән туғызған жиһазды қоқысқа тастарда дезинсекция жасатқан соң тастаңыз. Өзге тұрғындарды да ойлаңыз. Олай етпесеңіз, қалада бұл жәндіктің көбеюіне себепкер жанның бірі боласыз, — дейді дәрігер.
Қандалаға қарсы дезинсекция қалай жасалады?
Қандалаға қарсы дезинсекцияның машақаты көп. Оның ұяларын жою үшін барлық жиһазды, қабырға мен еденкемерді орнынан жылжыту қажет. Киім-кешекті қағып-сілкіп, далаға жайып қоюға болады. Мамандар дезинсекцияны жұмсақ және ағаштан жасалған жиһаздарды шаңсорғышпен сорудан бастайды. Бір бөлмені дезинсекциялауға 2-3 сағат уақыт керек. Үйдегі жиһаздардың қуыс-қуысын, 1,5 метрге дейінгі қабырғаны, едендегі төсеніштердің тігісі мен шетіне, еденкемерлерге дәріні мұқият шашып шығу керек.
Бекболат Өтегеновтің айтуынша, маман дезинсекция үшін адамға қаупі төмен 3-4-класс инсектицидтерін пайдаланады.
Мұндай дәрілерге «Циперметрин», «Гектор» ұнтағы, «Кукарача», «Шквал», «Аврафос» және тағы басқасы жатады. Дәрі пәтерде бір тәулік, ең кемінде 12 сағат жатқаны дұрыс. Тыныс алу мүшелері ауыратын адамдарға бір күн өтпей пәтерге кіруге болмайды. Ал ондай ауруы жоқ болса, дәрі адамға аса қауіпті емес. Киімді, төсек-көрпе мен жұмсақ заттарды ыстық суға жуса, қандала өледі. Бұл жәндік -22 С° пен +45 С°-та тіршілігін жояды. Пәтерде бір қандала өлмей қалса, қайта көбеюі мүмкін, — дейді санитар дәрігер.
Бекболат Өтегеновтің айтуынша, бұрын дезинсекция жасайтын мекемелерден лицензия талап етілетін. Қазір ол міндетті алып тастады. Сондықтан кез келген адам дезинсекция орталығын ашып, дәрілей алады. Бірақ мекемемен міндетті түрде келісімшартқа отыру қажет. Алматыда 100-ден астам дезинсекция жасайтын мекеме бар. Дезинсекция ақысы пәтердегі жиһаз, бөлме саны мен көлеміне қарай белгіленеді. Алматыда бір бөлмелі пәтерді дәрілеудің бағасы 10-15 мың теңгеден басталады.
Қансорғышқа қарсы шараны жүргізетіндер асхананы дәрілеудің қажеті жоқ деп айтып жатады. Ол сөздің де жаны бар. Плита мен шәйнекті пайдаланғанда температура жоғарылайды. Сол себепті асхана — қандала үшін жайсыз орта. Оған қоса, қандала тек адам қанымен қоректенетіндіктен асханадағы ешқандай қоқыстың оған қажеті жоқ. Бірақ ағаштан жасалған жиһаз болса, бәрібір дезинсекция жасату керек.
Қандала шаққанын қалай білуге болады?
Қандаланың иіс сезу мүшесі жақсы дамыған. Бір шаққанда бірнеше жерден шағып кетеді. Бұл қор оған бір тәулікке жетеді. Жәндіктің орташа тіршілік ету жасы — 14 ай.
Ұлттық сараптама орталығының эпидемиолог-дәрігері Қарақат Сағындықованың айтуынша, қандаланың шаққаны алғашқы уақытта білінбейді.
Қандала шаққанда ауырсыну сезілмейді. Шаққанын да байқамайсыз. Ешқандай дыбыс шығармайды. Біраздан кейін шаққан орны қышып, дене бірнеше жерден қызарып кетеді. Оның басқа қансорғыштан ерекшелігі — қатар тізіп шағуында. Қандаланың шаққан орны қышып, кемінде бір аптадай кетпей жүреді. Адамдар кейде оны қышымамен шатастырып жатады. Қандала қызба, оба, бөртпе сүзегі сияқты қауіпті жұқпалы ауруларды таратуы мүмкін. Бірақ бұл ғылыми дәлелденбеген. Қансорғыш болғанымен теориялық түрде вирус, гепатит инфекцияларын таратуы мүмкін, — дейді Қарақат Сағындықова.
Қандаланы қандай аппаратпен жоюға болады?
Қансорғышты жоюға арналған, жиі пайдаланылатын екі аппарат бар. Ол туралы дезинсекциямен айналысатын Сергей Терентьев айтып берді.
Гидропульт — пәтер ішін дезинсекциялауға арналған аппарат. Ішіне зиянкеске қарсы дәріні салып, пәтерге шашып шығады. Гидропульттың басы дәріні ғимараттың қуыс-қуысына жеткізуге арналып жасалған.
Суық тұман генераторы — бақша мен даланы, жертөлені дезинсекциялауға арналған құрал. Салмағы ауырлау болған соң онымен көбіне ер адамдар жұмыс істейді. Аппарат ішіне дәрі ерітіндісі құйылады. Маманның айтуынша, генератормен дезинсекция жасау үшін міндетті түрде арнайы костюм кию қажет.
(Иллюстрация: Dribbble.com ©Vecteezy)
Қандалаға қарсы жәндік барма? Қандай жәндік.
Ол тараған
кандала бар екенын калай былсек болады
Кандала деген жаман мамамнын уйнде бар екен конып едим козим бакыраиып уйыктаиламаи калдым мени шагып жатыр
Кандаладан калай кутылуга болады?
Түнде оны аңдып отыру керек. Адам шырт ұйқыға кеткенде ол адамның тамырының соғысын естіп шығады екен. Жылдам шағадыда ұясына жайғаса қояды