Басты бетЖаңалықтарНазарбаев сыйлығы...

Назарбаев сыйлығы неге Юкия Амано мен Лассина Зербоға берілді?

Юкия Амано

Юкия Амано 1947 жылы 9 мамырда Жапонияның Югавара қаласында дүниеге келген. Токио университетін заңтану мамандығы бойынша бітіргеннен кейін 1972 жылы Жапонияның Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұрады. Оның мамандығы халықаралық қарусыздану мәселесі және ядро қаруын таратпауға күш салумен тікелей байланысты. Ол көп жыл сыртқы істер бөлімінде еңбек етті, сонымен қатар Францияда екі жыл оқыды.

2005 жылдан бастап Юкия Амано Жапонияның МАГАТЭ-дағы елшісі болды. 2009 жылдың 1 желтоқсанында ол осы ұйымның бас директоры болып тағайындалып, қайтыс болғанға дейін қызмет етті.

Соңғы онжылдықта агенттікке мүше мемлекеттердің қолдауы мен қызметкерлерінің адалдығы арқасында «Атом бейбітшілік пен даму үшін» бағдарламасының мақсатына қол жеткізу үшін нақты жұмыс істеді. Мен біздің жетістігімізді мақтан тұтамын және агенттікке мүше мемлекеттер мен қызметкерлеріне ризамын, — деп, Юкия Амано қайтыс боларының алдында ғана отставкаға кетуге ниет білдіріпті.

Сарапшылардың пікірінше, ол өте іскер әрі адал азамат болған. Юкия Аманоның арқасында МАГАТЭ өзін саясаттан алшақ ұстайтын және өкілетін тоқтатпайтын бірнеше халықаралық кәсіби институттың бірі болып қала берді.

Сонымен қатар сарапшылар Юкия Аманоның берік ұстанымы мен Америка қысымына қарсы тұруы Батыс елдері мен Иран арасындағы қарулы қақтығыстың алдын алды деп есептейді. МАГАТЭ инспекторлары Тегеранның ядро міндеттемелерін орындағанын сенімді түрде растады.

Өкінішке қарай, Юкия Аманоның қайтыс болуы ядроға қарсы бүкіл қозғалысқа соққы болды. Ол өмірден өтсе де, Қазақстанның жоғары марапатын ұсынуға лайық бірден-бір адам еді.

Лассина Зербо

Лассина Зербо 1963 жылы 10 қазанда Буркина-Фасода дүниеге келді. 1993 жылы Париж университетінде геофизика саласында доктор дәрежесін алған. Ол мамандығы бойынша 10 жылдан астам уақыт халықаралық компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинады.

2004 жылғы қарашада Лассина Зербо Ядро сынақтарына жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Халықаралық деректер орталығының директоры болып тағайындалды. Осы КХДР-дағы ядро сынақтарына қатысты мәселелерді үйлестірді, сонымен қатар Фукусима АЭС-тегі апаттың салдарын жоюға қатысты. 2004 жылы Үнді мұхитындағы цунамиден кейін Zerbo CTBTO бастамасымен табиғи апаттың алдын алу орталықтарына техникалық көмек көрсетті.

2013 жылдың 1 тамызында Лассина Зербо Ядро сынақтарына жаппай тыйым салу шарты ұйымына дайындық комиссиясының жауапты хатшысы болды. Лассина  Зербо қарусыздану мен ядро қаруын таратпау, халықаралық қауіпсіздік және қарудың әр түрін бақылау бойынша көп конференцияны, халықаралық семинарларды және басқа да шараларды ұйымдастырды және идея беруші болды. Ол ұйымның позициясын күшейтуге, Ядро сынақтарына жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) әмбебап болуына және күшіне енуіне күш салды.

2017 жылдың тамызында Зербо атом бомбалары және олардың салдары туралы ақпаратты сақтау және тарату бастамалары үшін «Хиросима қаласының құрметті азаматты» атағын алды. Лассина Зербо — ғылым, технология, энергетика салаларындағы, Африка құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті дамыту саласындағы ғылыми орталықтардың мүшесі.

Осылайша Ядро қаруынсыз әлем және жаһан қауіпсіздігі үшін берілетін Назарбаев сыйлығының лауреаты Жер бетіндегі бейбітшілік пен тыныштықты нығайтуға елеулі үлес қосқан айтулы тұлғалар болды.