Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ержан Иманзайыповты таныстыру кезінде аймақ басшысы оның кандидатурасы Президент Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісілгенін айтты.
Екібастұзда индустриялық аймақ құру мәселесін бақылауға алу қажет. Оның үстіне, жаңа аймақты құруға қажет электр желісі мен станцияның құрылысы туралы шешім де қабылданып үлгерді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдері арқылы инвестиция тартуға баса назар аудару қажет. Соңғы үш жылдың ішінде Екібастұздың дамуына бюджеттерден қомақты қаражат бөлінді. 2017 жылы бұл сома 4,7 миллиард теңге болса, 2018 жылы 9,9 миллиард теңге, 2019 жылы 13 миллиард теңге бөлінді. Екібастұзға бұрын-соңды мұндай ауқымды қаржы бөлінбеген еді. Сондықтан да инвестиция көлемі де арта түсуі тиіс, — деді Болат Бақауов Екібастұздың жаңа әкіміне.
Ержан Иманзайыпов 1984 жылы дүниеге келген. 2006 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін өнеркәсіп жылу энергетикасы мамандығы бойынша, 2010 жылы Алматы экономика және статистика академиясын қаржы мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын 2006 жылы Павлодар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып бастады.
2006-2007 жылдары Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің жетекші маманы қызметін атқарды. 2007-2011 жылдары Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жетекші маманы, сарапшысы болды. 2011-2013 жылдары Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары, 2013-2014 жылдары Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басқарма басшысы, директордың орынбасары болып жұмыс істеді.
2014-2016 жылдары Павлодар әкімінің орынбасары, 2016-2017 жылдары Екібастұз әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2017 жылдың қарашасынан бері Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.