Басты бетЖаңалықтарТянь-Шаньдағы құтқарушылар...

Тянь-Шаньдағы құтқарушылар әзірше ештеңе тапқан жоқ

Қазақстанның әскерилері Жеңіс шыңын тікұшақпен 14 рет шолып шықты. Бірақ жоғалған альпинистер табылған жоқ. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

5100 метрден 6000 метр биікке дейінгі аралықта іздеу жүргізілді. Тікұшақ тау баурайына 70 метрге дейін жақын барды. Іздеу-құтқару операциясы жетекшісі Василий Пивцовтың айтуынша, визуал бақылау мен тепловизор көмегімен қарау нәтиже бермеді. Тірі адамның белгісі немесе денесі табылмады, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Ведомство мамандары Тянь-Шаньның бұл ауданында қар көшіп жатқандықтан жаяу іздестіру мүмкін емес екенін хабарлады. Қазіргі уақытта әскерилер «Қарқара» лагерінде.

Құтқарушылар шыңда жоғалып кеткен альпинистер — Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті 19 тамыздан бері іздестіріп жатыр. Альпинистердің туыстары іздеуді тоқтатпауды сұрап отыр. Бұған дейін жайсыз ауа райына байланысты іздеу бірнеше рет тоқтатылған еді.

4 тамызда Қазақстанның үш альпинисі Тянь-Шаньның 7000 метр биіктегі Жеңіс шыңына экспедицияға аттанды. Олар — 10 жылдан астам тәжірибесі бар альпинистер Александр Чечулин, Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев.

15 тамызда Александр Чечулиннің сырқаттануына байланысты альпинистер төменге түсе бастайды, сол кезде қар көшкініне тап болған. Бір күннен соң Александр Чечулиннің қайтыс болғаны хабарланды. Серіктері оның мәйітін биікте қалдырып, тағы төменге түсе бастайды. 18 тамызда Қазақстанның құтқарушылары оқиға орнына аттанды, бірақ ауа райының жайсыздығына байланысты борт әлі күнге дейін альпинистерге жете алмай жатыр. Алматы альпинизм федерациясы Тянь-Шаньдағы әріптестерінің тірі қалуы мүмкін емес екенін хабарлады.

Айта кету керек, шыңдағы альпинистерді іздеуге Қазақстанның альпинизм және құзға өрмелеу спорты федерациясының бас хатшысы Қазыбек Уәлиев пен тәжірибелі альпинистер Василий Пивцов пен Мақсұт Жұмаевтар қатысып жатыр.