Биыл Қазақстанды ширек ғасырға жуық уақыт басқарған саясаткер, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың дүниеден өткеніне 26 жыл. Мемлекет қайраткерін еске алуға оның туыстары, қызметтестері мен ізбасарлары жиналды.
Дінмұхамед Қонаевпен 15 жыл бірге жұмыс істеген Әбіләкім Әубәкіров сол кездегі басшысынан көп жақсылық көргенін еске алды. Оның Байкен Әшімов, Өзбекәлі Жәнібеков, Санжар Оразов, Камал Смайылов сияқты қайраткерлерді тәрбиелеп шыққанын айтты.
Димекең ішкі мәдениеті жоғары, сондай қарапайым азамат еді. Бір жылдары інімнің шипажайында емделгені бар. О кісіні құрметтеп шапан жауып, ат мінгізіп, кілем сыйлап шығарып салмақшы болыпты. Димекең болса: «Шапандарыңды алайын. Кілемдеріңді төсейін. Бірақ аттарың өздеріңде қалсын», — деп ризашылық білдірген. Димекең бата бергенде «менің жасымды берсін» деуші еді. Ол кісі сияқты кемеңгер адам аз. Димекеңді ұмытпайық, — деді Әбіләкім Әубәкіров.
Дінмұхамед Қонаевтың қоластында қызмет еткен Николай Колинко оның адамдарды алаламай, әлеуметтік мәртебесінің қандай болғанына қарамай араласқанын айтты.
Ол кісі комбайн жүргізушісінен бастап, мекеме басшысына дейін әр қызметкерге ерекше көңіл бөлетін. Әрқайсысымызды аса сыйлап тұратын, — деді Николай Колинко.
Қоғам қайраткерімен қызметтес болған Көпбосын Танзабеков Дінмұхамед Қонаевтай өзін бірқалыпты ұстайтын басшыны көрмегенін айтты.
Кабинеті — атшаптырым жер. Жас келсе де, кәрі кірсе де орнынан тұрып қарсы алатын. Арқасынан қағып отырып келген жағдайын сұрайды. Сосын көмекшілеріне бір басшыны айтып, «дәл қазір менің көзімше қоңырау шал» дейтін. Сосын проблема шешіледі деген күнді календарына жаздырып қоятын. Келген кісіні қабылдау кабинетіне дейіне шығарып салатын, — деді Көпбосын Танзабеков.
Шара соңында Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған фильм көрсетілді.