Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқамановтың Facebook желісінде хабарлауынша, комиссия 14-15 жастағы жасөспірімдердің жуынып жатқан 18 жастағы тәрбиешіні сығалағанын анықтаған. Қыз сол себепті балаларды өзі жазаламақшы болған. Қазір бұл жайтты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин тексеріп жатыр.
Бұл оқиғаға байланысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі балалардың ісі албырттық десе, енді біреулер олардың ісінен қоғамға қауіп көріп отыр.
Мұндай жағдайда кімнің әрекеті теріс? Балалардың ересек адамдардың жалаңаш тәнін қызықтауы нені аңғартады? Білім мен тәрбие беру орындары қандай шешім шығаруы керек? Балаларды ақтау дұрыс па? Baribar.kz осы оқиға туралы психологтың, заңгердің және қоғамның басқа да мүшелерінің пікірін білді.
Молдияр Ергебеков, СДУ журналистика кафедрасының оқытушысы:
Мұндай видеоларды көргенді ұнатпаймын. Өйткені негатив ақпаратты көп айту осындай әрекетті одан сайын насихаттайды деп ойлаймын. Бірақ бұл оқиға туралы әлеуметтік желілерден, ақпараттық порталдардан оқыдым. Бұл жағдайда балалардың әрекеті ақтауға келмейді. Ал тәрбиешінің істеп отырғаны олардан да асып түсті. Бір қате екінші қатенің тууына себеп болды.
Тәрбиешінің қатесі — бұл мәселені балалардың ата-анасымен бірге шешпегені. Әлемнің кейбір елінде бала бұзақылық не қандай да бір қате әрекет жасаса, әуелі оның ата-анасы шақыртылады. Мұндай мәселе солармен сөйлесу арқылы ғана шешіледі. Өйткені бала әлі кәмелет жасына толмаған, демек, оның әр әрекетіне ата-ана жауапты. Содан кейін ғана баламен басқа мамандар жұмыс істейді. Жіберген қатесіне қарай бала жазасыз қалмайды. Мектептен шығарылады немесе лагерьден қуылады.
Бұл жағдай қоғамдағы жаппай сауатсыздықтың дәлелі болып отыр. Балалар жыныс жағынан сауатсыз деуге болады. Сол себепті мектеп бағдарламасында «Жыныс сауаты» деген пән болуы керек деп есептеймін. Балаларға бәрін ғылыми тұрғыдан түсіндіру керек. Баланы көбіміз аңғал, пәк, періште деп қабылдаймыз. Сондықтан оларда жыныстық қатынас туралы ешқандай ой болмайды деп есептейміз. Бұл — дұрыс емес, неге десеңіз, бала ең әуелі — тұлға. Сол себепті балаға тұлға ретінде қарап, оған жыныс, дене, медиа сауаты туралы және адамдарға құрмет көрсету туралы айтып отыру керек және одан қысылмау қажет.
Адамдардың көбі медиа құралдарын дұрыс пайдаланбай жүр. Тойда билеп жүрген адамдарды сыртынан видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратып жатады. Бұл — өте ұят нәрсе.
Анна Құдиярова, психолог:
Түркістан облысындағы лагерьде балаларды ұрып жатқан жас қыздың әрекетін интернеттен көрдім. Бұл жағдайда тәрбиешінің әрекеті заңға қай жағынан болса да қарсы деп есептеймін. Өйткені балалар әлі кәмелет жасына толмаған. Бұған қоса, тәрбиеші заңмен емес, өз бетінше жаза қолданбақшы болған. Батыс елдерінде педагог қызметіне жұмысқа қабылдамай тұрып оларды түрлі сынақтан өткізеді. Ал біздің елде жұмысқа пара беріп кіретін мұғалімдер мен тәрбиешілер бар. Ал маманның біліміне, мәдениетіне жұмыс беруші пысқырып та қарамайды. Менің ойымша, баламен жұмыс істейтін маманның барлығын арнайы тексеруден өткізіп, психологиялық тест тапсырту керек. Қазақта «балажан» деген жақсы ұғым бар. Мұғалімдер мен тәрбиешілер балажан болуы керек. Егер олар баланы жақсы көрмесе, оның әр қылығына ашуланатын болса, басқа жұмыс істесін. Балалар лагерьге демалуға келді. Бірақ олар лагерьден психологиялық соққы алып кетеді. Соның кесірінен балада энурез, тұтығу, агрессия пайда болуы мүмкін.
Бала алты айдан бастап жыныс мүшесін ұстап, уқалауы мүмкін. Бірақ нəрестеге мұны түсіндіре алмайсыз. Тек оның назарын басқа нəрсеге аудару керек.
Жыныстық әуестік балада үш жастан басталады. Өйткені осы кезде бүйректегі безден гормон бөлінеді екен. Бала дəл осы жастан бастап ыңғайсыз сұрақ қояды. Үлкендер киімін ауыстырып жатқанда кіріп келуі мүмкін. Мұндай кезде балаға айғайламай, «кіруге болмайды» деп жай ғана түсіндіру қажет.
Ғабдулғани Әбутәліп, заңгер:
Қазіргі жағдайда Түркістан облысындағы лагерьде демалушылардың тәрбиешіні суға түсіп жатқан кезде сығалағаны туралы ешқандай дәлел жоқ. Бұл жағдайда тәрбиеші басқа нәрсеге ашуланып, балалардан өшін алып отырған болуы мүмкін. Бұл әлі тексеріледі. Әзірше ешқандай дәлел, куә болмаған соң ол туралы бірдеңе айту қиын. Егер тәрбиешіні суға түсіп жатқанда балалардың сығалағаны рас болса, ол — лагерь басшылығының проблемасы. Өйткені басшылық әр қызметкердің еңбек қауіпсіздігін қорғау мәселесін қарастыруы керек. Бұл туралы ҚР Еңбек кодексінде айтылған. Кодекс бойынша жұмыс беруші қызметкерге барлық әлеуметтік жағдайды жасауы керек. Оның үстіне, балалар осындай әрекетке барса да, тәрбиешінің оларды ұрып-соғуы дұрыс емес. Бұл жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау») 2-тармағы бойынша жаза қолданылады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-тармағы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтың немесе оқу, тәрбиелеу, емдеу мекемесінің немесе кәмелетке толмаған адамды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi өзге мекеменiң басқа да жұмыскерiнiң орындамауы немесе тиісінше орындамауы және мұның кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуға ұласуы» деп аталады. Бұл бап бойынша белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыру немесе 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қолданылады.
Бұл оқиға бойынша тәрбиешіні ақтайтын ешқандай факторды көріп тұрған жоқпын. Мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін лагерь болсын, мектеп болсын, балалар мекемесіндегі тәртіпті қатаңдату керек деп есептеймін. Осы мәселеге жауапты органдар бақылауды күшейтіп, мониторинг жасап отыруға тиіс.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің осы жағдайға қатысты берген мәліметінде «Сұңқар» лагерінің демалыс орны ретінде тіркелмегені айтылады. Мұның өзі өрескел қате деп есептеймін. Бұл еліміздегі бақылаудың әлсіз екенін көрсетіп отыр.