Алматы әкімі мұғалімдерге қандай қолдау көрсетілетінін айтты

Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждерді бітіріп, жұмысқа кіріскен мамандарға бірреттік материалдық көмек беру жөнінде шешім қабылданған.

Бұл — шағын көмек, дегенмен осынау алғашқы қадамның қаланың педагогикалық қауымдастығына қолдау көрсетудің маңызды символы болатынына мен сенімдімін, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Форумда қаланың білім саласын дамытудың перспективалары мен бірінші кезектегі міндеттер туралы айтты. Үздік білім ұйымдары биыл да 800 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (биылғы сома — 24 миллион теңге) марапатталады.

2020 жылдан бастап еңбегімен көзге түскен үздік педагогтарына Алматы әкімінің арнайы гранты тапсырылады. Оның тағайындалу ережесін, номинациясын, критерийлерін әзірлеу оқытушылардың өзіне жүктеледі.

Форумда мұғалім мәртебесін арттыру үшін қалада ауқымды ақпараттық науқан ұйымдастырылатыны айтылды. БАҚ-та үздік педагогтар, үздік оқу тәжірибелері мен кейстері туралы жазылады. Бұл шара қоғам үшін білім жүйесін дамытудың дұрыс векторын қалыптастыруға ықпал етеді.

Алматы әкімі жаңадан қолға алынған, бұдан соң дәстүрге айналатын Úzdіk ustaz байқауы туралы айтты. 2020 жылдан бастап оның қорытындысы Мұғалім күні қарсаңында шығарылады. Жеңімпаздарға ынталандыру ретінде пәтер, автомобиль және басқа да бағалы сыйлықтар беріледі.

Мұғалім — білім саласындағы басты тұлға, сондықтан қоғам үшін аса маңызды мамандықтың мәртебесін көтеруге тиіспіз, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазіргі кезде Алматы мектептерінде 32 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді.

Форумда мұғалім мамандығының маңызы мен педагогтың ерекше миссиясы туралы да айтылды.

Мектеп — жеке тұлғаны және олардың бойында туған еліне деген шынайы сүйіспеншілікті қалыптастыратын киелі орын. Білім ошағында дәріс алатын оқушылардың болашағы зор әрі олар бақытты болуға тиіс, — деді Бақытжан Сағынтаев.