Шалғай аудандарда медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік пунктілер мен амбулаториялар ашылып жатыр.
Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша аулалар мен жарығы жоқ учаскелерге баса назар аударылып, патрульдеу тәртібі қайта қарастырылды. Бақытжан Сағынтаев жаяу патрульдеудің аса маңызды екенін айтты.
Патрульдер аулаларға кіруі керек. Бұл — бекітілген тәртіп. Аулаға кірмей кеткен полицейді байқасаңыздар, маған хабар беріңіздер, — деді Бақытжан Сағынтаев.
Жиында кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі жобалар туралы да айтылды. Аталған жоба аясында шеткі ауданның тұрғындары жеке бизнесін ашуға 2% мөлшермен, ал орталықтың тұрғындары 7% мөлшермен несие ала алады. Осылайша әркім бизнесін ашып, аяққа тұрып, қарызын қайтаруға мүмкіндік алады.
Бұл ретте қала басшысы әйелдер кәсіпкерлігіне арнайы тоқталды. Қазір Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша әр ауданда «Бақытты отбасы» көпбалалы аналарды қолдау орталықтары ашылып жатыр. Орталықтың жұмысы негізінде «Іскер ана» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама құжат жинау мен кеңес алу, тегін курстардан өту сияқты түрлі мәселе бойынша көмек көрсетеді.
Кездесуде күнделікті мәселелерге қатысты 150-ге жуық сұрақ қойылды. Бақытжан Сағынтаев жауапты тұлғаларға тұрғындар қойған әр мәселеге нақты жауап беруді тапсырды.
Енді әр дүйсенбі сайын аудан және басқарма басшылары тұрғындармен кездесіп, көтерілген мәселелердің қалай шешіліп жатқаны туралы есеп береді.