Техноблогинг деген не?
Егер адам телефонға қарап, оның қызметін айтып берсе, компьютерге бағдарламаны қиналмай орнатса, басқа да техникадан хабары болса, техноблогер бола алады. Техноблогер — түрлі техникаға байланысты мәлімет бөлісіп, өз парақшасын немесе каналын жүргізетін адам. Ол үшін білікті IT-маман немесе техниканы жетік меңгерген адам болу міндетті емес. Қарапайым көрерменге бір телефонның екіншісінен айырмашылығын, жаңа смартфонның қызметін жалпақ тілмен айтып берсе, болғаны.
Дегенмен техноблогинг — күрделі жанр. Техноблогер сынға ұшырамай қоймайды, мұнда жағымсыз пікір көп жазылады. Ең бастысы – сынды жақын қабылдамай, әрі қарай контентті жасай беру.
Техноблогер болу үшін адамға не қажет?
Техноблогинг технологиямен бірге дамиды. Жаңа смартфон сатып алғысы келген адам бірінші техноблогердің видеосын қарайды. Себебі мұндай контентте бірнеше техниканы айтып, қайсы жақсы екенін түсіндіреді.
Техноблогер болу үшін екі критерий маңызды. Біріншісі — қандай да бір тауар туралы пікір айта алу. Екіншісі — харизманың болуы, ақпаратты әдемі жеткізу.
Мен 2013 жылы осындай контентпен айналыса бастадым. Оған дейін радиотехника саттым, кейін оны жөндеумен айналыстым. Жұмыс істеп жүргенімде тұтынушылар маған бірдей сұрақтармен жүгінетін. Адамдар өзі қолданатын смартфонның қарапайым қызметін білмейді. Содан жұмыста әр адамға сұрағанын түсіндіріп тұрмау үшін видео түсіріп, оны желіге жүктей бастадым.
Техноблогердің аудиториясы кімдер?
Техноблогты көбіне ер адамдар көреді. Әдетте, видеоны салғаннан кейін ерлерден хаттар келіп жатады. Осы сәтке дейін маған бір де бір әйел адам хат жазып, бірнәрсе сұрамапты. Сонымен қатар техноблогердің аудиториясы басқа блогерлердікінен екі есе аз. Қандай күшті материал жүктесеңіз де, пікір қалдырып, репост жасайтындар сирек кездеседі. Сол себепті басқаларға қарағанда екі есе көп жұмыс істеуге тура келеді.
Бірақ техноблогер сияқты ешкім YouTube-те көп ақша таппайды. Бұл — техноблогингтің ең ерекше әрі өзгелерден асып түсетін тұсы.
Техноблогты қалай дамыту керек?
Мұндай каналдардың аудиториясын кеңейту, дамыту қиын, сенен озған адамның көмегі қажет. Сондай техноблогерге бірге видео түсіру туралы ұсыныс жаса. Менің тәжірибемде мұндай іс әрдайым сәтті шығады. Айта кететін нәрсе — байқау жариялап, оқырман жинаудың пайдасы жоқ. Байқау кезінде жазылатын адам каналда тұрақтамайды. Сондықтан мұндай тәсілді қолданбаған жөн.
Техноблогер болу үшін неден бастау керек?
Техноблогты неден бастау керек екенін айту қиын. Себебі әркім әрқалай бастаған. Ең бастысы — шынайы бол. Бірнәрсені ойлап табудың қажеті жоқ. Мұнда блогердің эмоциясы маңызды.
Видеоны алғаш түсіргенде оның сапалы, монтажы күшті болмағаны да дұрыс. Ондай видеомен көрерменге жақын болмайсың. Алғашқыда бәрін қолыңда бармен істе. Танымал техноблогер болғанда жарық қою, монтаж, сапалы камераның бәрін көре жатасың. Қазір смартфон туралы айтсаң да, жеткілікті. Тек теледидар, оны қалай жөндеу туралы ештеңе түсірмегенің дұрыс. Адамдар теледидар туралы блогты қарамайды.