Тұңғыш Президент қоры жанынан «Елбасы академиясы» аталатын жаңа арнайы ұйым құрылады. Ол «Ел үміті» бастамасын іске асыруды басқаратын оператор болады.
Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ел үміті» бастамасының миссиясы — еліміздегі және шетелдегі талантты балалар мен жастарды табуға қолдау көрсету. Бастама шеңберінде оқу мен тағылымдамадан өтудің, гранттар тағайындаудың әдістемелері мен бағдарламалары жасалады. Соған байланысты республиканың 17 өңірінде Таланттарды табу мен қолдау орталықтары ашылып, бірінші кезеңде талантты балалар мен кәсіпқой жастардың арасынан 3 мың адам қолдау бағдарламаларымен қамтылады.
2 жыл ішінде ғылым, экономика, медиа, мәдениет, спорт және басқа салалар бойынша 500 жас көшбасшы пулын қалыптастыру жоспарланып отыр. Таланттардың, көшбасшылар мен олардың педагогтарының бірыңғай қоғамдастығы да құрылады.
Бастаманы өз уақытында және сапалы іске асыру үшін Тұңғыш Президент қоры мемлекеттік органдармен бірге «Жол картасы» жобасын жасаған. «Ел үміті» миссиясын іске асыратын Елбасы академиясы білім берумен және тұлғаны дамытумен айналысатын жеке ұйымдардың бастамасына да қолдау көрсетеді.