— Лондон мен Париждегі сайыстан бұрын әңгімені Ла-Манш бұғазын жүзіп өтуіңізден бастасақ. Бұл қалай мүмкін болды? Қандай әсер алдыңыз?

— Ла-Манш бұғазын жүзіп өту осы эстафетаның ең қиын кезеңі болды. Біріншіден, Ла-Манштың ауа райы құбылмалы, екіншіден, судың ағыны қатты. Жүзуді жергілікті уақыт 19.00-де бастап, ертеңіне 14.00-де мәреге жеттік. Түнде жүзуге тура келді, ең қиыны да — осы. Эстафетаның ережесі бойынша командадағы төртеуіміз кезек-кезек жүземіз. Жүгіргенде де, велосипедпен жүргенде де сағат сайын ауысып отырдық. Франция мен Ұлыбритания жағалаулары арасындағы бұғазды әрқайсымыз бес сағаттан жүзіп шықтық. Түнде жүзу қиын болғанымен қасымдағылар команда үшін тырысып жатқанда мен де барымды салдым. Суға секірсем, қараңғы, тек қайықтан жарық түседі. Оның үстіне, түнде толқын да қатты. Суда сенен басқа жан болмайды, жалғыз жүзуің керек.

Эльфира Дудник Ла-Манш бұғазында
Эльфира Дудник Ла-Манш бұғазында. Фото жеке архивінен

Күндіз Ла-Маншты бір топ медуза жүзіп өтті. Үлкені бар, кішкентайы да жетеді, қауіптісі де кездеседі. Ондай сәтте ештеңеге алаңдамай, жүзе беруің керек. Неге екенін білмеймін, медузаларды көрмедім. Менен басқасының бәрі оларды көрген. Қатарында ең қауіпті әрі үлкені маған қарама-қарсы жүзген екен. Осы кезде командадағылар медузалардың маған жақын екенін көріп, төрешімізге айтқан. Ол кісі ештеңе істемеуді, айқайламауды жөн көрген. Осылайша мен ештеңе білмей-ақ көп медузаның жанынан жүзіп өттім. Күндіз толқын түндегіден де қатты болды. Толқынмен арпалысамыз деп, бар күшіміз сарқылды. Арасында жылдамдықты да арттырдық.

EnduromanArchtoArc триатлон жарысының болатынын өткен жылдың қыркүйегінде білдім, сол кезден дайындықты бастадым. Керемет дайындық болған жоқ, жай күнделікті жаттықтым. Бір көмектескені — былтыр мамырда дайындық лагеріне барғанымыз. Бұл дайындықты осы эстафетаның директоры Ұлыбританияда ұйымдастырды.

Ол жақта 11 градус салқын суда үш күндей жүзіп, шынықтық. Осы дайындық өзіме деген сенімімді арттырды. Ал Ла-Манштың суы 15 градус салқын болды. Бұғазды жүзіп өткеннен кейін біртүрлі жағымсыз көңіл-күйге түстім. Тек қазір, бір ай өткеннен кейін жеңілдедім.

"Темір аналар" командасы
Iron Moms KZ командасы. Фото жеке архивінен

— Бұл экстремал ультратриатлон сайысына қатысуға не себеп болды?

— Бала күнімде көркем гимнастикамен және жеңіл атлетикамен айналыстым. Кейін құзға шығумен де әуестене бастадым. Әлбетте, Алматыда тұрған кезде тауға жиі шығатынмын. 2012 жылы маған триатлонмен айналысуды ұсынды. Алғашында күдіктендім, себебі жүзе алмайтынмын. Бір жылдан кейін қайта ұсынғанда ойландым да, жүзуді үйрендім. Ал велосипедпен 14 жасымнан бастап таулы жерлерде жүретінмін. Алматыда ол үшін мүмкіндік көп. Тек жүзуді басынан үйренгенім болмаса, триатлонға дайындығым бар еді. Осылайша 2014 жылдың наурызында алғаш рет триатлон эстафетасына қатыстым. 2016 жылы Ресейге көшкеннен кейін бұл спортқа жақсырақ көңіл бөлдім. Алғашында жай қызыққаныммен уақыт өте триатлонмен шындап айналыса бастадым. Былтыр Италияда өткен толықдистанциялы триатлон эстафетасына қатыстым. Онда суда 4 шақырым жүзіп, велосипедпен 180 шақырымды жүріп, 42 шақырым жүгірдік. Марафондар адамның өзін сынап көруге арналған. Ал триатлон адамның төзімін шыңдайды.

Маған EnduromanArchtoArc триатлон жарысы қызық, ерекше болып көрінді. Қиын болғанымен бұдан өту мүмкін болатынын сездім. Осылайша эстафетаға қатысамын деп шештім.

Үш жыл бұрын мен осындай дистанциядан өте алатыныма сенбейтін едім. Триатлон адамның мүмкіндігі өзі ойлағаннан көп екенін ұқтырады. Тек спорттағы мүмкіндігіңді ашып қоймай, жұмысыңа да пайдасын тигізеді. Қазір күрделі жобаларды жүзеге асыруым керек. Триатлонмен айналысқанымның арқасында міндеттерді орындауда көп қиналмаймын.

Ironman Эльфира Дудник
Эльфира Дудник. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— «Темір аналардың» бәсекелестері кім болды?

— Мұндай эстафеталар қатысушыны басқамен жарыстырмайды, жеке мүмкіндігін ғана шыңдайды. EnduromanArchtoArc триатлон жарысына осыған дейін 70 адам қатысып, оның 34-і мәреге жеткен. Көбі теңізде, суда жүзуден қиналады, сол себепті соңына жетпейді. 10 жылда 22 эстафета өтсе, оған Ұлыбританиядан 18 команда, Тайваньнан бір команда, Ресейден екеу және Қазақстаннан біз қатыстық. 30 маусым мен 9 шілде аралығында біздің команда ғана қатысты, яғни бұл жерде біреу біреумен жарыспайды. Әр команда мәреге жеткен уақытына қарай өз мүмкіндігін көрсетеді. Біз — төрт триатлоншыдан құралған топ Қазақстаннан барған алғашқы әйелдер командасы болдық.

Төрешінің айтуынша, біздің команда қатысқандардың арасында ең ұйымшылы болды. Оған біздің бірге жұмыс істегеніміз ұнады.

Топтағы әр адамның физикалық дайындығы жақсы болуы мүмкін, бірақ командадағы алауыздық жеңіске апармайды. Төреші 56 сағат біздің қасымызда болды. Ол бізге «Төртеуің бір-біріңді қолдап, бір нәрсені мақсат еткен соң мәреге жеттіңдер», — деді. Расында біреуіміз қиналғанда басқамыз көмектесіп, қолдау көрсеттік.

"Темір аналар" командасы
Iron Moms KZ командасы. Фото жеке архивінен

— Жұмыс пен спорттан өзге немен айналысасыз?

— Қаржы директоры болып жұмыс істеймін, үш баланың анасымын. Бәріне үлгеру оңай емес. Триатлонмен жұбайым екеуіміз де айналысамыз. Бұл спорт жұмысымды, жұмысым спортты толықтырады. Бір-біріне кедергі болмауы үшін режимді де соған сай қоямын. Әдетте, таңертең және кешке жаттығамын, бір күні жүгірсем, басқа күні жүземін, велосипедпен жүремін. Бұлар жазда шұғылдануға қолайлы. Қыста отбасыммен тауға шығамын, жаттығу залына барамын, йогамен де айналысамын. Спорт өнімді жұмыс істеуге көмектеседі, энергия береді. Бос уақытымды отбасыммен бірге өткіземін. Түрлі тағам дайындағанды, кітап оқығанды жақсы көремін.

Балаларым да спортпен айналысады. Қызым құзға шығудан спорт шебері, үлкен ұлым жүгіреді, кіші ұлым акробатикамен айналысады. Мен балаларым үшін суда жүзгеннің пайдасы көп деп білемін. Бірақ олар жүзуді ұнатпайды, мен де қинамаймын. Мүмкін болашақта айналысар.

Эльфира Дудник
Эльфира Дудник. Фото жеке архивінен

— Қандай да бір диета ұстайсыз ба?

Диета ұстамаймын, бірақ қалыпты формада жүру үшін дұрыс тамақтануға тырысамын. Триатлонда тағамға шектеу жоқ, себебі көп күшті қажет етеді.

— Спортқа қызықпайтын адамды осындай жігерлендіретін нәрселерге немесе сондай ортаға қалай тарту керек?

— Әуелі кімге болса да, ісіңмен үлгі болуың керек. Адамдарды бірнәрсеге шақырғың келсе, соны өзің істе. Триатлонмен енді айналыса бастағанда маған осы спортта жүргендер және өзіне мақсат қойып, соған жеткендер үлгі болды, солар шабыттандырды. Оларға қарап мүмкін емес нәрсенің жоқ екенін түсіндім.

Екіншіден, адамның спортпен шұғылдануына себепкер бол, оны итермеле. Әр адам айналыспаса да, спортқа қызығады. Ендеше жақыныңды марафонға, дистанциялық жарыстарға тіркеп қой және алдын ала өзіне ескерт. Сонда ол амалсыз шыныға бастайды. Адам қандай да бір мәреге жетуді мақсат етсе, спортқа шабыты ашылады, қалай шынығып кеткенін байқамай қалады.

Эльфира Дудник
Эльфира Дудник. Фото жеке архивінен

Триатлонмен айналысып жүргенде, әсіресе, ерлердің көп салмақ тастағанын байқадым. Қатысушылардың эстафетаға дейінгі және одан кейінгі фотоларында айырмашылық бар, кейбірі адам танымастай өзгереді. Спортпен айналысып, денені өзіңе ұнайтын қалыпқа келтіруге болады. Сонымен қатар адамның өзіне, күшіне сенімі артады, шабыттанады. Сондықтан жай айналысып қоймай, марафон мен түрлі эстафетаға қатысқан жөн. Триатлонмен 25 жастан асқанда айналысқан дұрыс. Бала кезде қысқа дистанциялардан өтіп, ұнататын спортпен айналысқан жақсы. Себебі ол кезде шыдамды сынап көрудің қажеті жоқ. Орта жасқа жеткенде қиын әрі ұзақ марафондарда бақ сынауға болады. Триатлонмен айналысатындар көбіне 30-35 жаста бастайды.

Ironman Эльфира Дудник
Ironman шебері Эльфира Дудник. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Спортпен шұғылдану үшін бір жеріңіздің ауырғанын күтпеңіз. Ештеңені ойламай, бүгін бастаңыз. Күнде болмаса да, арасына уақыт салып шұғылданыңыз. Жай айналыспай, эстафеталарға қатысқанды дұрыс деп есептеймін. Мұндай жарыстар жаттығуға шабыттандырады, жалықтырмайды.

— Әңгімеңізге рақмет! Табыс тілеймін!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!